ҚАЙТАЛАНҒАН ТАРИХ

Сурет Олимпиада комитетінен
Осыдан 44 жыл бұрын Тараздан шыққан қазақтың кішкентай ғана қара домалақ баласы Жақсылық Үшкемпіров Мәскеу олимпиадасында грек-рим күресінен чемпион атанып, алтыннан алқа таққан еді. Жарты ғасырға жетеғабыл уақыт өткенде тағы да сол киелі топырақтың ұланы Елдос Сметов Париж төрінде қазақтың өр рухын жасындай ойнатты.
Дзюдо әлемдік деңгейде бәсекелестік өте жоғары спорттың бірі десек, Париждің төрінде французды тізе бүктіру – ғасырда, тіпті белгісіз уақыт кеңістігінде бір болар тарихи оқиға.
Бұл көптің тілегі болатын. Ел болып құдайдан сұрағанымыз Елдостың жеңісі еді. Себебі Елдостың жеңісі – бар қазақтың жеңісі, Елдостың жеңісі – күллі Тұран рухының асқақтауы. Солай болды. Алла жар болып, аруақ жебеп, палуанның асығын алшысынан түсірді. Алдыңғы екі олимпиадада құмға сіңген жігеріміз қайта тірілгендей, құлаған рухымыз атой салып оянғандай күй кештік. Елдос нағыз ерге тән қайтпас қайсарлық көрсетіп, батырлардың ұрпағы екенін тағы да дәлелдеді.
Қазақ балуанының Олимп шығына шағуын көруді армандап кеткен Жақсылық ағамыздың рухы бір аунап тұрған шығар. Бір ғажайыбы – ескі суреттегі құрмет пъедесталында тұрған Жақсылық Үшкемпіровтің үстіндегі костюм мен Елдостың костюмі реңдес болып шықты. Осы ұқсастық қана болса бір сәрі ғой: кездейсоқтыққа балап қояр едік. Екі чемпион қазақтың оң қапталындағы күміс медаль таққандардың да костюмі ақ түстес, сол жақтағы қола алғандардікі қызыл реңді бола қалғанына қарап, еріксіз құдіреттің бар екеніне иланасың. Қандай ғажап! Қайталанған тарих.
Иә, олимпиаданың алғашқы күнінде-ақ көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды Париждің төрінде шырқатқан, еліміздің абыройын асқақтатып, басқа споршыларға рух берген қазақ ұлы – ұлт мақтанышы, Елдос батыр, жасай бер! Қыранымыз биікте самғай берсін, Қазақ елі!