Астаналық оқушы 1 минутта Кубик Рубик жинайтын робот жасады

ЖАС ПАТРИОТ
16

Фото: Астана әкімдігі

Астана қаласындағы Әлімхан Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Шахназар Камалов бір минут ішінде Кубик Рубикті толық автоматты режимде жинай алатын робот жасап, көпшілік назарына ұсынды. Жас өнертапқыштың жұмысы — елордадағы инженерлік білімнің қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін жарқын мысал. Осындай жас талапкерлер – Қазақстанның технологиялық болашағын қалыптастырып, ел дамуына үлес қосып жүрген нағыз патриоттар.

Әкімдік таратқан ақпаратқа сәйкес, жоба LEGO Mindstorms EV3 платформасы негізінде құрастырылған. Робот арнайы сенсорлар арқылы кубиктің әр қырын сканерлеп, оның түстерін анықтайды. Алынған деректерді талдау арқылы құрылғы ең тиімді алгоритмді өзі таңдап, Кубик Рубикті жылдам әрі дәл жинауға мүмкіндік береді.

Бағдарламалау процесі EV3 Classroom платформасында Python тілінде жүзеге асқан. Бұл жас инженерге алгоритмдік ойлауын дамытуға, техникалық есептерді шешуге және робот қозғалысының әр бұрышын дәл басқаруға мүмкіндік берген.

Бүгінде робототехника — жасанды интеллект, бағдарламалау және инженерия тоғысқан, әлемдік деңгейде қарқынды дамып келе жатқан маңызды сала. Мұндай жобалар оқушылардың техникалық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың шығармашылық қабілеттерін шыңдап, ғылымға деген қызығушылығын күшейтеді.

Шахназардың жұмысы — табандылық пен ізденістің жемісі. Алдағы уақытта оқушы осы роботты әрі қарай жетілдіру арқылы бұдан да күрделі механизмдер құрастыруға толық мүмкіндігі бар.

Айта кетейік, бұған дейін Абай облысының оқушысы ауаны ылғалдандыратын робот ойлап тапқаны хабарланған болатын.

Лағыл Намаз
тілші