Шымкентте жедел жәрдем дәрігерлерінің қауіпсіздігін күшейтетін жаңа жоба іске қосылды
Фото: Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі
Шымкент қаласында медициналық көмектің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған маңызды жоба қолға алынды. Енді жедел жәрдем қызметкерлері арнайы бейнежетондармен жабдықталып, олардың жұмысы толықтай қорғалатын болады. Бұл бастама — денсаулық сақтау саласындағы жауапкершілікті күшейтіп қана қоймай, еліміздің ақ халатты абзал жандарының қауіпсіздігін қорғауға бағытталған патриоттық қадам.
Пилоттық жобаның негізгі мақсаты — медицина мамандарының қызметін қорғамақ әрі көрсетілетін көмектің сапасын бақылау. Бейнежетон қызметкердің киіміне бекітіліп, жұмыс барысында үздіксіз бейне-аудио жазба жүргізеді. Барлық дерек қорғалған серверге жіберіліп, оны ешкім өзгерте алмайды. Жазбаларды тек уәкілетті мамандар қызметтік мақсатта, соның ішінде медициналық қызмет сапасын арттыру үшін қолдана алады.
Құрылғыда төтенше жағдай кезінде бірден басуға болатын «SOS» батырмасы бар. Бұл батырма іске қосылғанда дабыл тікелей диспетчерге жолданып, жедел жәрдем бригадасына шұғыл қолдау көрсетуге мүмкіндік жасайды. Бұл — дәрігерлердің өмірін қорғауға бағытталған маңызды тетіктердің бірі.
Қазіргі таңда Шымкентте 115 жедел жәрдем бригадасы жұмыс істейді: 28-і — дәрігерлік, 87-сі — фельдшерлік. Пилоттық жоба дәл осы бригадаларда сынақтан өткізіліп жатыр. Денсаулық сақтау басқармасы жобаның тиімділігін саралап, оң нәтиже көрсеткен жағдайда бейнежетондарды барлық бригадаларға кезең-кезеңімен енгізуді жоспарлауда.
Бұл бастама — ел азаматтарының денсаулығы үшін алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлерін қорғау жолындағы маңызды адал қадам. Әр дәрігердің қауіпсіз еңбегі — мемлекет қауіпсіздігінің бір бөлігі.