Мариян Журавлёва — VI Ислам ынтымақтастығы ойындарының чемпионы!
Фото: Нұрғали Жұмағазы
Қазақстан спорты тағы бір үлкен жеңіспен толықты. Джиу-джитсу шебері Мариян Журавлёва VI Ислам ынтымақтастығы ойындарында 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп, еліміздің атын тағы бір халықаралық аренада асқақтатты.
Тартысты өткен кездесулерде Мариян палестиналық спортшы Дания Оубайдты айқын басымдықпен ұтып, өзінің мықтылығын дәлелдеді. Қазақстандық спортшы барлық үш қарсыласын айналмалы жүйе бойынша жеңіп, турнирдің абсолютті чемпионы атанды. Бұл — оның кәсіби шеберлігінің, қайсар мінезінің және ұлттық құраманың жоғары деңгейдегі дайындық жұмысының нәтижесі.
Мариян Журавлёваның бұл жеңісі — Қазақстандағы джиу-джитсудың қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін айқын дәлел. Халықаралық жарыстарда көк туымызды желбіретіп жүрген әр спортшымыз ел намысын қорғаудың үлгісі болып отыр.
Бұл алтын — бүкіл Қазақстанның жеңісі.
Еліміздің спорт саласында жаңа есімдер шығып, талантты жастарымыз әлемдік додаларда үздік нәтижелер көрсетіп келеді. Мариянның жарқын жеңісі — сол қатардың маңызды бір бөлігі.