ЖИ ДӘУІРІНДЕГІ ЖАҢА ТРЕНД: БАҚДӘУЛЕТ БЕКЖАНОВ АЛМАТЫНЫ LEGO-ӘЛЕМГЕ АЙНАЛДЫРДЫ
Фото:instagram желісінен
Қазақстандық жасанды интеллект маманы, Al-креатор, ЖИ бойынша ұстаз Бақдәулет Бекжанов жасаған «LEGO-Алматы» ролигі желіде жаңа феноменге айналды. Қаланың танымал орындары ойыншық форматында қайта жанданған ерекше стиль көпшілікті таңғалдырды. Патриот порталы автордың өзімен сөйлесіп, жобаның туындау тарихын, техникалық құпияларын және ЖИ саласындағы жаңа мүмкіндіктер бойынша сұхбаттасып қайтты.
«Алматыны жаңа стильде көрсету — көпжылдық ізденістің жемісі»
— Бақдәулет мырза, LEGO-Алматы ролигі жұртты бірден баурап алды. Бұл идея қалай пайда болды?
— Соңғы бірнеше жылда Алматыны түрлі визуалды стильдерде бейнелеп жүрмін. Қаланы Ван Гог стилінде, аниме әлемінде, жіптен тоқылған ойыншық форматында көрсеткен жобаларым болған. LEGO — ең күрделі стильдердің бірі. Бұрынғы ИИ модельдер детальдарды дәл жеткізе алмайтын. Тек жаңа буын модельдер пайда болғанда ғана қала нысандарын LEGO форматына таза, нақты келтіру мүмкін болды.
Оның айтуынша, LEGO нұсқасындағы Алматы тек визуалды эксперимент емес — адам мен қала арасындағы эмоциялық байланысты тереңдететін жаңа тәсіл.
«ЖИ — құрал ғана. Өнер мен идея — адамға тән»
— Жобаны жасау қаншалықты күрделі болды?
— Бұл — көп кезеңнен тұратын процесс. Алдымен қаланың фотосуреттерін, ракурстарды жинаймын. ChatGPT мен Gemini арқылы нақты промпттар дайындаймын. Графикалық ЖИ-да LEGO стилін беремін, артефактілерді қолмен түзеймін. Соңында видеомодель арқылы қозғалыс қосып, CapCut-та монтаж жасаймын. ЖИ — тек құрал. Нақты көркемдік шешімдер, талғам, идея — автордың ішкі дүниесінен шығады.
Ол бүгінгі контент жасауда ЖИ-ды толық «автор» деп қабылдамау керек екенін айтады. Себебі шынайы өнер — алгоритмде емес, адамның көзқарасында.
LEGO-трендтің тез таралуының сыры
— Неге LEGO-әлем форматы дәл қазір осыншалық танымал болды деп ойлайсыз?
— Екі себеп бар. Біріншісі — қолжетімділік. Қазір ЖИ құралдарын кез келген қолдана алады, сол себепті көп адам тәжірибе жасап, өз нұсқасын жасай бастады. Екіншісі — эмоция. Адам туған қаласын, бала кезден көрген көшесін LEGO форматында көрсе, міндетті түрде реакция білдіреді. Контенттің вирусқа айналуына дәл осы эмоция себеп.
«Қазақстан» қонақүйі — ең қиын нысан
— ЖИ ең көп қиналған локация қайсы болды?
— Ең күрделісі – «Қазақстан» қонақүйі. Оның ерекше архитектурасын LEGO форматына бұзбай түсіндіру қиын. Модель үнемі форманы өзгертіп жіберетін. Қанша рет түзетуге тура келді. Бұл да ЖИ-дың белгілі бір шектеулері бар екенін көрсетеді.
— Жоба жалғаса ма?
— Әрине. LEGO-Алматы — бастамасы ғана. Алдағы уақытта Қазақстанның басқа қалаларын LEGO форматында көрсеткім келеді. Жаңа визуалды стильдермен жұмыс істеймін. ЖИ саласында креаторлар даярлау бойынша курстар ашуды да жоспарлап отырмын. Ұлттық контент индустриясының дамуына үлес қосуды мақсат етемін.
Бақдәулет Бекжановтың LEGO-Алматы жобасы аясында мына дүниелерді айқын көруге болады:
• ЖИ технологияларының шығармашылыққа жаңа серпін беретінін көрсетті;
• қазақстандық визуалды контенттің мүмкіндігін кеңейтті;
• жастардың өнерге, жаңа технологияға қызығушылығын күшейтті;
• ұлттық цифрлық мәдениеттің жаңа кезеңін бастады.
Жасанды интеллект дәуірінде Бақдәулет сияқты жас креаторлар жаңа тренд қалыптастырып, қазақ контентінің деңгейін жаңа белеске көтеріп келеді. LEGO-әлемге айналған Алматы - соның жарқын дәлелі.