Ұлттық ойынымыз әлем сахнасында: Қазақстан құрамасы 30 медаль жеңіп алды

Патриот жаршысы
35

Фото: ҚР СПОРТ КОМИТЕТ

Алматыда өткен жасөспірімдер арасындағы тоғызқұмалақ әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы жарқырап, 30 медаль (12 алтын, 11 күміс, 7 қола) жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Бұл – ұлттық ойынымыздың әлемдік деңгейде беделі артып келе жатқанының айқын дәлелі.

Алматыдағы «Зенит» спорт орталығында биыл екінші рет өткен дода U-15 және U-17 жас санаттары бойынша классика (онлайн/офлайн), рапид және блиц форматында өтті.

Жабылу салтанатына Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының президенті Әлихан Байменов, Қазақстан федерациясының басшысы Әкім Тұрсын және шетелдік делегациялар қатысты.

Биылғы біріншілікке 21 мемлекеттен 180-ге жуық спортшы жиналды. Олардың қатарында Румыния, Чехия, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия, Қырғызстан және басқа елдердің мықтылары бар.

Тоғызқұмалақ – тек ойын емес. Ол – ұлттың терең ойлау мәдениетін, есеп-қисапқа жүйріктігін, даналық дәстүрін танытатын рухани қазына. Алматыда өткен бұл әлем чемпионаты жас буынның интеллектуалдық дамуына серпін беріп, Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы абыройын тағы бір асқақтатты.

Чемпионат Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті. Бәсекені ҚР Туризм және спорт министрлігі мен Дүниежүзілік Тоғызқұмалақ федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен және арнайы дипломдармен марапатталды.

Лағыл Намаз
тілші