QTM 2025: Алматының туристік әлеуеті халықаралық аренада

Патриот жаршысы
25

Фото: Алматы әкімдігі

Қазақстанның жүрегі — Алматы қаласы Дохада (Катар) өткен өңірдегі ең ірі туристік көрмелердің бірі — Qatar Travel Mart 2025 аясында өз туристік әлеуетін сәтті паш етті. Бұл халықаралық форумға 60-тан астам елден туризм индустриясының кәсіби өкілдері қатысты.

Көрме Алматыны әлемдік деңгейде таныстыруға, халықаралық байланыстарды нығайтуға және жаңа нарықтарға шығуға мүмкіндік беретін маңызды алаңға айналды.

Алматы делегациясы қаланы «төрт маусым бойы саяхаттауға қолайлы бағыт» ретінде ұсынды: тұмса табиғат, белсенді демалыс, wellness-бағыттар, гастрономиялық турлар және іскерлік іс-шараларға арналған дамыған инфрақұрылым кеңінен таныстырылды.

Іс-шара аясында Алматы өкілдері B2B форматында 150-ден астам келіссөз жүргізді. Нәтижесінде өңірдің жетекші туроператорлары мен әуе тасымалдаушыларымен ынтымақтастық жөнінде алдын ала келісімдер жасалып, 36 ресми келісімге қол қойылды. Бұл Алматыға түрлі елдерден 5 000-нан астам турист тартуға мүмкіндік береді.

— «Біздің тауларымыз, көліміз, жасыл саябақтарымыз және жазғы салқын климатымыз туристер үшін ерекше тартымды. Араб елдерінен қызығушылықтың артып келе жатқанын байқаудамыз және оны одан әрі арттыруға ниеттіміз», — деді Алматы қаласының Туризм басқармасы Туризмді ілгерілету бөлімінің басшысы Еркебұлан Әбіхан.

Көрменің ерекше бөлігі ретінде роуд-шоу ұйымдастырылды. Қазақстанның бес туроператоры Парсы шығанағы нарығына арналған туристік өнімдерін таныстырды. Іс-шарада Дохадағы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының өкілі құттықтау сөз сөйледі. Роуд-шоуға Орталық Азия елдерінің елшіліктері, жергілікті туристік компаниялар, БАҚ және серіктес ұйымдардан 130-дан астам қонақ қатысты. Бұл формат Алматының туристік мүмкіндіктеріне қызығушылықты арттыруға және әлеуетті клиенттермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.

QTM 2025 көрмесіне қатысу — Алматы қаласын шетелдік нарықтарда ілгерілетуге бағытталған ұзақ мерзімді стратегияның бір бөлігі. Алдағы уақытта серіктестік байланыстарды кеңейту, бірлескен жобаларды іске асыру және Парсы шығанағы елдеріндегі туристер арасында Алматыны қауіпсіз, жайлы әрі табиғи тартымды бағыт ретінде тұрақты насихаттау жұмыстары жалғасады.

 

Лағыл Намаз
тілші