Жапон балет мектебінің оқушылары Қазақ ұлттық хореография академиясында дәріс алды
Фото: Қазақ ұлттық хореография академиясы
Елордамыздағы Қазақ ұлттық хореография академиясында жапондық балет мектебінің оқушыларына арналған арнайы шеберлік сабағы өтті. Yoshiko Takagi Ballet School құрамындағы 23 оқушы мен 3 педагог Қазақстанға арнайы келіп, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін күзгі мектеп бағдарламасына қатысты. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.
Қазақстан өнері мен мәдениеті бір арнаға тоғысқан бұл бағдарлама аясында қонақтар классикалық және ұлттық-сахналық би бойынша кәсіби шеберлік сабақтарын алды. Сонымен қатар жапондық делегация қазақ халқының бай мәдени мұрасымен танысып, елорданың сәулеті мен көрікті орындарын аралады.
Бұл – Қазақстанның мәдени дипломатиясын нығайтып, еліміздің жас өнерпаздары мен шетелдік талапкерлер арасындағы рухани көпір орнататын маңызды бастама.
Жапон балет мектебінің өкілдері қазақ балетінің кәсіби деңгейін жоғары бағалап, Академияның халықаралық ынтымақтастыққа ашық екенін ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, Қазақ ұлттық хореография академиясы хореография өнерін дамытуға елеулі үлес қосып, әлемдік деңгейде ұлттық өнеріміздің абыройын асырып келеді.
Еске сала кетейік, бұған дейін де Академия студенттері халықаралық байқауда топ жарып, Қазақстанның өнер саласындағы жетістіктерін тағы бір мәрте әлемге танытқан болатын.