Әскери оркестр Қатардағы халықаралық фестивальде Қазақстан атынан өнер көрсетеді

Патриот жаршысы
37

Фото: 24kz

Қазақстанның әскери оркестрі желтоқсан айында Қатарда өтетін халықаралық фестивальге қатысады. 10–21 желтоқсан күндері өтетін айтулы шарада еліміздің атынан Қарулы Күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының кәсіби ұжымдары өнер көрсетеді.

Игі бастамаға жол ашқан биылғы республикалық іріктеуге 115 музыкант қатысты. Соның ішінде 70 өнерпаз ел намысын қорғайтын құрамға енді. Ұлттық әскери-патриоттық орталық бұған дейін де түрлі халықаралық алаңдарда Қазақстанның рухын асқақтатып жүрген ұйым. Оркестр ел тарихы, мәдениеті және әскери дәстүрді ұштастыра отырып, жастардың патриоттық санасын қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс істейді.

ҚР Қарулы Күштерінің бас әскери дирижері, подполковник Алмас Ибрагимов ел намысын арқалап жүрген оркестрдің халықаралық беделін атап өтті:

– Орталық әскери оркестр жыл сайын әлемнің әр түкпіріндегі маңызды шараларға қатысып жүр. Қытай, Ресей, Тайвань, Германия, Ұлыбритания сахналарында өнер көрсеттік. 2001 жылы Лондонда өткен фестивальде ең үздік ұжым ретінде танылдық, – деді ол.

Қазақстандық оркестрдің Қатардағы көрінісі – елдің мәдени және әскери өнерінің жаңа деңгейін көрсететін маңызды шара. Бұл сапар біздің елдің халықаралық беделін нығайтып, ұлттық рухты дәріптеуге үлес қосады.

Лағыл Намаз
тілші