«Шархан Мұхаммед-Қанапия: өлеңдер жинағы»
Фото:Шархан Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы
Шархан Мұхаммед-Қанапия Шарханұлы 2000 жылы 11 қарашада Қызылорда облысы, Қазалы ауданы, Майдакөл ауылында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих факультетінде жоғарғы оқу орнын 2022 жылы тәмәмдап, Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің заң факультетін магистрлік білімін 2025 жылы бітірген. Мұхаммед-Қанапия бірнеше республикалық, облыстықтық ақындар айтысы мен жыр мүшәйраларының жүлдегері.
2022 жылы «Тәтті мұң» атты кітабы жарық көрген. Кітапта әңгімелер мен өлеңдері, кюар кодтар арқылы әндері де берілген. Оның «Лили гүлі», «Хамит Ерғали жағалауы», «Мылқау жүрек» секілді әңгімелері жан психологиясын суреттейді. Бұл кітап 2023 жылы Брайл қарпімен және аудио жазба түрінде жарық көріп, Зағип және нашар көретін азаматтарға арналған республикалық кітапханада тұсаукесері өтті.
Сондай-ақ, анимциялық фильмдерге сценраий жазумен айналысады. Қазіргі таңда «Тұлым», «Бозторғай», «Суындар», «Екі лақ», «Супер қарлығаш» сияқты мультфильмдері Балапан телеарнасында көрерменге көрсетіліп жүр. Ол бірнеше жинақтар мен шығармашылық еңбектерге құрастырушылық, редакторлық жұмыстар жасаған. Сазгерлік пен сөзгерлікті ұштастырып, 20-дан аса авторлық әндерін жазған. Мұхаммед-Қанапияның кейбір әндерін елімізге танымал әншілер, өз репертуарына қосқан.
Біз
Біз,
Адамның сырттанымыз,
От жалап, жұтқаны мұз.
Мәңгілік ақ махаббат,
Пір қылып тұтқанымыз.
Біз,
Құдайдың баласымыз,
Сезімнің сағасымыз.
Қыздардың наласымыз,
Көздердің қарасымыз.
Біз,
Өтірік сүйе алмаймыз,
Сәттерді қия алмаймыз.
Тағдырым тамаша деп,
Барлығын жиі алдаймыз.
Біз,
Отпен де ойнап көрдік,
Топпен де тойлап көрдік.
Риясыз өмір үшін,
Мәңгілік бойдақ болдық.
Біз күмәнсіз таңдаулымыз,
Жүрекке жалғаулымыз.
Біз үшін арын қияр,
Қаншама арманды қыз.
Біз,
Жүреміз аспан жақпен,
Қалықтап қақшаңдап кең.
Жалғанды жалпағынан,
Басамыз бас бармақпен.
Біз,
Жүрсек те ағат қылып,
Жылжыған сағатты ұмыт.
Құдайды сүйіп қалдым,
Көзіңе қарап тұрып.
Мың сауал
Миымды жеп бітірген мың сауалдың,
Жауабын қажеті не тұмшалаудың.
Нені күтті аяғы ертеңімнің,
Немен бітпек ақыры күн санаудың?
Мендік жүрек бақыттан дәме қылды,
Мен бақытты ете алдым және кімді.
Жанарымның көргісі келіп жүр ғой,
Жадымдағы жасанды әлемімді.
Ең ақырғы қалғанша ғазал демім,
Жан сырларын жанымның жазар ма едім?
Мен арманның соңынан қуып келем,
Қуып келед(і) соңымнан ажал менің.
Біл жалт еткен үміттің сынығына,
Менің жаным білмеймін, жылыдыма.
Қажеттерін сұрайды неге менен?,
Қажеті жоқ адамдар ғұмырыма.
Көп адамның қарай бер көңіліне,
Қарамайды көп пенде көңіліңе.
Өзің ғана қожасың, өзің төре,
Өтіріктен құралған өміріңе.
Сертін беріп кіреді сеніміңе,
Еркін келіп етене өміріңе.
Бірге қарап тұрады періштесі,
Ар ұяттың аяусыз өліміне.
Әппақ сырын айтатын айға ғана,
Сол арманшыл, қайғысыз қайда бала.
Жаным жылап тұрсада осы күні,
Жымыңдайды жанарым айналаға.
Неге бәрі ақылды айналамның,
Адамына араны сай қоғамның.
Кел жақыным бәріңе құшақ ашық,
Сенің де келіп тұрса пайдаланғың.
Жаралайды, ал сосын жанашыр боп,
Басып айта алмадым бағасын дөп.
Менімен жарасуға жақын келсең,
Сенімен таласуға таласым жоқ.
Тек пайдаңмен өлшейтін беделіңді,
Есею деген сонша неге мұңлы.
Мен ертерек түсіндім Мұзбалағым,
Сәби болғым келеді дегеніңді.
Үйретті өмір жығылсам жасымауға,
Төбе көрсем төрім деп тасымауға.
Мен өзімді қамшылай берем солай,
Бағым шауып кетер деп басып алға.
Аспан құлап, жатса да жер айналып,
Шындықты өз-өзіңе бер айна ғып.
Әлем сенен кетсе де кері айналып,
Өз бақытын табады ер айналып.
Басыңа бақыт құсы қонбай жатып,
Былғап алма, бағыңды сор қайнатып.
Адам болып туылған қандай бақыт,
Адам болып өлу де сондай бақыт.
Ана
Тең келмейтін ғаламның бар асылы,
Тербелмейтін дауылға дара шыңы.
Ана деген әлемнің әсемдігі,
Ана деген жаһанның жанашыры.
Ана деген өмірдің мәні емес пе?!
Тіршіліктің түбірі нәрі емес пе?!
Ұлтты сүйген нарларға ғұмыр берген,
Алыптардың аяулы жары емес пе?!
Перзентінің арманы тілегінде,
Бейнеттің тыртығы бар білегінде.
Ұршықсыз үйіретін бұл өмірде,
Кіршіксіз тазалық бар жүрегінде.
Тал бойынан қуаты тарқамаған,
Құдай беріп, қырық жан, қан тараған.
Даламның дархандығын жиып алып,
Бабамның аманатын арқалаған.
Сақталған сан ғасырлық сарынменен,
Анам үшін қажеттің бәрін берем.
Шеше көрген қыздардың ұятында,
Шені бар тәрбие мен тәлім деген.
Аналарсыз алдыңда елес тұрар,
Бағаласақ мінеміз белес мұнар.
Аналарды құрметтеп сүю үшін,
Көктем келу міндетті емес шығар..
Алматым
Ақ махаббатты Құдай береді,
Ғашықтар соған шырай береді.
Жылы сөзіңнің мелодиясы,
Ұлы сезімнің ұнайды өлеңі.
Мендік жүрекпен сенің көзіңдей,
Алматым неге жылай береді!
Тіршілік бірден тосып алады,
Күрескерлерге қосып алады.
Уақытша келген тұрғындарының,
Түйе тағдырлы көші қалады.
Ең алғаш сүйген бейкүнә қыздай,
Жақсы көремін осы қаланы?
Жарықсың жаным жанардай неге,
Алыпсың тағы бабамдай көне.
Адамың сынды адасқан үміт,
Аралын жүрген табалмай кеме.
Әкемдей сенен жасқанғаныммен,
Жақсы көремін анамдай неге?!
Гипербола
Сенің мөлдір көздерің
Сол көздерге қарағанда жоғалады өзге мұң.
Тамағымды тұмшалайды,
Тұншықтырып өз демім.
Сенің мөлдір көздерің.
Сенің жылы сөздерің,
Ғұмырына азық болар өзгенің.
Талғамыңа тылсым келбет қосады,
Тағдырыңа төзгенің..
Сенің сырлы сөздерің.
Сенің қиғаш қастарың,
100 ақынның толтырардай дастанын.
Кірпіктерің қанатындай құстардың,
Ән салады аспаным,
Сенің қиғаш қастарың...
Сенің жібек шаштарың,
Бақытына айналмасын басқаның.
Кемесінен тамұқ мұңның қол үзіп,
Мен есімнен айырыла бастадым.
Сенің жібек шаштарың.
Сенің еріндеріңде,
Бір ғасырлық ләззәт бар кемінде.
Табан асты ажалыма жолығып,
Оралғандай өмірге,
Сенің еріндеріңде...
Сенің көркем ақылың,
Әлемді де тыңдататын ақырын.
Үлгісіндей үлбіреген дидарың,
Күллі әйел затының...
Сенің сұлу жүзің ше,
Ізгілігі көрінетін ізінше.
Қаламына ақырзаман ақынның,
Жанарыңнан бір тамшы жас үзілсе...
Қарапайымдылығың,
Мен білемін ол сендегі-ұлы ұғым.
Жаратылған тал бойыңа таңылып,
Менің ақын ғұмырым...
Менің Мәжнүн ғұмырым!