Халықаралық ғылыми жоба байқауларының жеңімпаздарына мемлекеттік сыйақы тағайындалатын болды
Фото: Масат Шағырбаев
Қазақстанда дарынды оқушыларды және олардың жетекшілерін жүйелі түрде қолдауға бағытталған жаңа тетік заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, биылдан бастап халықаралық ғылыми жоба байқауларында жоғары нәтиже көрсеткен оқушылар мен оларды дайындаған педагогтерге бір реттік мемлекеттік ақшалай сыйақы беріледі.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң дарынды балалардың ғылымға қызығушылығын күшейтуге бағытталған маңызды өзгерістерді қамтиды.
Бұл бастама Мемлекет басшысының талантты жастарды қолдауға бағытталған реформаларының заңды жалғасы болып табылады. Бұған дейін дәл осындай көтермелеу халықаралық пәндік олимпиада жеңімпаздары мен олардың ұстаздарына тағайындалған еді.
Жаңа тәртіпке сәйкес:
халықаралық ғылыми байқаулардың алтын медаль иегерлері — 1500 АЕК-ке дейін,
күміс медаль иегерлері — 1000 АЕК,
қола медаль иегерлері — 500 АЕК мөлшерінде сыйақы алады.
Оқушыларды жарысқа дайындаған педагогтерге 26,5 базалық лауазымдық айлыққа дейін сыйақы тағайындалады.
Биыл Қазақстандық оқушылар жалпы білім беретін пәндер бойынша өткен 7 беделді халықаралық олимпиадада 27 медаль (4 алтын, 13 күміс, 10 қола) жеңіп алды. Нәтижесінде 27 оқушыға 94,3 млн теңге, ал 24 педагогке 7,4 млн теңге төленді.
Министрлік хабарламасында:
«Жаңа нормалар дарынды балаларды қолдау жүйесін күшейтіп қана қоймай, елдегі олимпиадалық әрі ғылыми қозғалыстың дамуына тың серпін береді», — делінген.
Еске сала кетсек, осыған дейін Қазақстанда білім беру саласына жасанды интеллектіні енгізу бағытында арнайы жұмыс тобы құрылғаны хабарланған болатын.