Астанада Қазақ хандығы туралы сирек парсы деректерінің көрмесі ашылды

Патриот жаршысы
33

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Астанада Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде «Ұлы Дала тарихы Иран деректерінде» атты бірегей көрме өз жұмысын бастады. Экспозицияда алғаш рет Иран Ислам Республикасының Сыртқы істер министрлігінің архивтерінен алынған XVIII–XIX ғасырларға тиесілі 27 сирек парсы қолжазбасының көшірмелері көпшілік назарына ұсынылды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

Көрмеде ұсынылған құжаттар Қазақстан аумағындағы әлеуметтік-саяси және экономикалық үдерістерге қатысты құнды тарихи мәліметтерді қамтиды. Атап айтқанда, Қазақ хандығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, Тәуке және Әбілқайыр хандардың иран шахтарымен дипломатиялық байланыстары, Түркістан өңіріндегі саяси ахуал, сондай-ақ Қазақстан жеріндегі пайдалы қазбаларды игеру мәселелері жан-жақты баяндалған.

Көрменің ашылуына дейін экспозициямен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан танысты. Қолжазбалар Иран Президентінің Астанаға ресми сапары аясында Қазақстанға тапсырылған.

Экспозицияны тамашалаған Мемлекет басшысы ирандық әріптесіне тарихи құжаттарды ұсынғаны үшін алғыс білдіріп, олардың отандық ғылым мен қоғам үшін маңыздылығын атап өтті.

– Бұл – өте құнды сыйлық. Бұрын белгісіз болып келген тарихи деректер бар. Мұның барлығы қазақ халқына, отандық ғылымға қызмет етеді деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Архивтік материалдар Қазақстан мен Иран арасындағы тарихи байланыстардың терең әрі тығыз болғанын айғақтайды. Екі ел аумағынан Ұлы Жібек жолының өтуі сауда, мәдени және рухани қатынастардың дамуына зор ықпал еткен. Иран архивтерінде Қазақ хандығына қатысты елшілердің сапарлары мен мемлекетаралық келіссөздер жөніндегі деректер сақталған.

Сондай-ақ иран мәдени ықпалы қазақтың рухани мұрасында да көрініс тапқан. Мәселен, Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі әйгілі Тайқазан ирандық шебер Әбделазиз Шарафуддин Тебризидің қолынан шыққан. Ғалымдардың дерегінше, қазақ тіліндегі парсы сөздерінің үлесі шамамен 4 пайызды құрайды. Олардың қатарында «астана», «пайда», «көрпе», «дәрі», «дәрумен», «аула», «ораза» сияқты сөздер бар.

Көрме арқылы көпшілік Қазақстан мен Иранның ортақ тарихына қатысты бірегей архивтік деректермен танысу мүмкіндігіне ие болмақ.

Еске салсақ, бұған дейін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Қазақ хандығына арналған төртінші томның қолжазбасы қайта қаралғанын мәлімдеген еді.

Лағыл Намаз
тілші