2025 жыл: ел спортындағы елеулі жетістіктер

Патриот жаршысы
85

Фото:Olympic.kz / ҚБФ, СДД / Аян Несипбеков

2025 жыл қазақстандық спорт үшін мазмұнды да нәтижелі кезең болды. 

Ел жанкүйерлерін қуантқан жарқын жеңістер, тарихи табыстар мен инфрақұрылымдық өзгерістер отандық спорттың жаңа белеске көтерілгенін көрсетті. 

Patriot порталының тілшісі жыл бойы тіркелген басты жетістіктерге шолу жасады.

«Қайратына мінген» Қайрат

2025 жылғы ең басты спорттық жаңалықтардың бірі – алматылық «Қайрат» футбол клубының UEFA Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алуы.

Бұл – қазақстандық клубтық футбол тарихындағы айтулы жетістік.

Төрт іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен «Қайрат» Еуропаның алпауыт командаларымен бір алаңда ойнау мүмкіндігіне ие болды. 

Негізгі кезеңде португалиялық «Спортинг», испаниялық «Реал Мадрид», италиялық «Интер», даниялық «Копенгаген», грек «Олимпиакосымен» кездесулер өткізіп, кипрлік «Пафоспен» тең тарқасты.

Ең бастысы – команда сапында қазақстандық жас футболшыларға кең мүмкіндік берілді.

18 жастағы қақпашы Шерхан Қалмырзаның ойыны жанкүйерлердің ерекше ықыласына бөленсе, 17 жастағы Дастан Сәтпаев өз шеберлігімен көзге түсті.

Александр Мрынский, Дамир Қасаболат, Азамат Тұяқбаев, Рамазан Бағдат секілді жастар да тәжірибе жинақтады.

Айта кетерлігі, олардың барлығы – «Қайрат» академиясының түлектері.

Бұл жетістік ел футболын дамытудағы академиялық жүйенің дұрыс бағытта екенін көрсетті.

Футболды жекешелендіру – жаңа кезеңнің бастауы


2025 жылы Қазақстан футболында клубтарды жекешелендіру үдерісі жанданды. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында футболды коммерцияландырудың маңызын атап өтті.

Қазіргі таңда бірқатар клуб жекеменшікке өтті, ал алдағы уақытта «Жеңіс», «Шахтер», «Қайсар», «Қызылжар», «Ақтөбе» клубтарын инвесторларға беру жоспарланған.

Сонымен қатар Қызылордада халықаралық стандарттарға сай «Қайсар-Арена» стадионының ашылуы ел футболындағы инфрақұрылымдық серпіннің нақты көрінісіне айналды.

Шаршы алаңдағы серпіліс
2025 жыл қазақ боксы үшін қайта өрлеу кезеңі болды. Париж Олимпиадасынан кейін жасалған жүйелі реформалар өз нәтижесін берді.

Ерлер құрамасының бас бапкері болып Қайрат Сәтжановтың тағайындалуы шешуші рөл атқарды.

Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 10 медальмен жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Әлем чемпиондары атанғандар қатарында:

Махмұд Сабырхан
Санжар Ташкенбай
Алуа Балқыбекова
Аида Әбікеева
Төрехан Сабырхан
Наталья Богданова
Айбек Оралбай бар.

Ал қараша айында Римде өткен World Boxing конгресінде Геннадий Головкин ұйым президенті болып сайланды. 

Бұл – қазақстандық спорт тарихындағы айрықша оқиға.

Желтоқсанда Дубайда өткен IBA әлем чемпионатында да ұлттық құрама 3 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль жеңіп алып, жалпы есепте екінші орынға тұрақтады.

26 жыл күткен алтын
Грек-рим күресінен Айдос Сұлтанғали 26 жылдан кейін Қазақстанға әлем чемпионатының алтын медалін сыйлады.

Ол финалда өзбекстандық қарсыласын жеңіп, тарихи жеңіске қол жеткізді. 

Бұл – отандық күрес спорты үшін жаңа дәуірдің бастамасы.


Таэквондодан ұзақ жылдардан кейін оң серпіліс байқалды.

Бас бапкер Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен ұлттық құрама Қытайдың Уси қаласында өткен әлем чемпионатында екі қола медаль иеленді.

Ал 21 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан 2 алтын, 1 қола медальмен үздік үштікке енді.

2025 жыл Қазақстан спорты үшін жеңіс пен жаңғыру жылы болды.

Футболдағы тарихи жетістік, бокстағы қайта өрлеу, күрес пен таэквондодағы серпіліс – барлығы жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Алда – Қысқы Олимпиада, Жазғы Азиада, UEFA Ұлттар лигасы сынды ірі дода күтіп тұр. 

Осындай толағай табыстардың жалғасын табарына жанкүйер қауымның сенімі зор.

Лағыл Намаз
тілші