Өзбекстанда қазақ қаламгерлерінің кітаптары жарық көрді

Патриот жаршысы
90

Фото:24kz

Биыл Өзбекстандағы қазақ қаламгерлері үшін табысты жыл болды. 

Қандастарымыздың қаламынан туған түрлі жанрдағы 20-ға жуық кітап оқырманға жол тартты.

Жарық көрген еңбектердің басым бөлігі аударма бағытында әзірленген. Әсіресе, Ұлы Абайдың 180 жылдығы аясында ойшылдың бірнеше кітабы өзбек тіліне аударылып, мектептер мен жоғары оқу орындарына тегін таратылды. Бұл бастама жас ұрпақтың қазақ руханиятына деген қызығушылығын арттыруды көздейді.

Қазақ кітаптарының негізгі оқырмандары – мектеп оқушылары. Қандастар көп шоғырланған Ташкент пен Науаи облыстарында, сондай-ақ Қарақалпақстанда қазақ қаламгерлерінің шығармаларына сұраныс жоғары.

Қазақ ұлттық-әдеби орталығының төрағасы Серікбай Үсеновтің айтуынша, Абай шығармаларын өзбек тіліне аудару – рухани байланысты нығайтудың бір көрінісі:

«Абайдың 180 жылдығына орай кемеңгердің кітаптарын өзбек тіліне аударып, өзбек мектептеріне тараттық. Өзбек сыныптарында оқитын балалар да Абайды танысын деген мақсат болды», – деді ол.

Бүгінде Өзбекстанда 60-қа жуық қазақ қаламгері бар. Биыл жарық көрген кітаптардың тақырыптық аясы кең: туған жер, тарихи естеліктер, балалар әдебиеті мен рухани құндылықтар.

Жергілікті ақын-жазушылар Қазақстандағы әріптестерімен тығыз шығармашылық байланыс орнатқан.

Өзбекстан Жазушылар одағы қазақ әдебиеті кеңесінің төрағасы Тұрсынәлі Ахметов биылғы басылымдардың бірқатары арнайы бағдарлама аясында жарық көргенін атап өтті:

«Отандастар қоры арнайы бағдарлама жариялап, соның аясында ақын-жазушыларымыздың кітаптары шықты. Бұл еңбектер қаңтар айында кеңінен таныстырылады», – деді ол.

Қазіргі таңда 2026 жылы жарық көретін шығармалардың мазмұны мен қаржыландыру тетіктері қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, жас ақын-жазушыларды қолдау мәселесі де басым бағыттардың қатарында.

 

Лағыл Намаз
тілші