Қазақстанда мәдениет саласының инфрақұрылымы күшейтіліп, шығармашылық әлеует артып келеді

Патриот жаршысы
117

Фото:google

Биыл Қазақстанда мәдениет саласындағы инфрақұрылымды нығайту, шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейту және мәдениет қызметкерлерін қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Патриот Порталы.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда өңірлік театрлардың дамуына ерекше назар аудару қажеттігін атап өткен болатын.

Осыған байланысты Астана қаласындағы «Жастар» театрының ғимаратын жөндеу жоспарланып отыр. Сонымен қатар Қуыршақ театрына жаңа ғимарат салу мәселесі де күн тәртібінде тұр. Алдағы жылдары Семей, Қонаев және Ақтөбе қалаларында жаңа драма театрларының құрылысы басталмақ. Бұл өңірлердегі мәдени өмірді жандандыруға серпін береді.

Сондай-ақ Алматы қаласындағы Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры мен Наталия Сац атындағы Мемлекеттік академиялық орыс балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жөндеуден өтіп жатыр.Мәдениет саласындағы маңызды бағыттардың бірі – инфрақұрылымды жаңарту.

Биыл Күләш Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің бас корпусы толықтай жаңғыртылды. Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясына арналған жаңа жатақхананың құрылысы басталды. Сонымен қатар ірі қалаларда үш жаңа өнер мектебінің инфрақұрылымын жаңарту мәселесі пысықталуда.

Айта кетейік, 2025 жылы елімізде 61 мәдени нысан салынды, ал өңірлерде 251 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұдан бөлек, елорда тарихын зерттеудің маңызды орталығына айналатын «Бозоқ» археологиялық паркін құру жұмыстары жалғасып жатыр.
Министрлік мәдениет қызметкерлерін әлеуметтік қолдауға да ерекше мән беріп отыр.

Азаматтық қызметкерлердің жекелеген санаттары бойынша жалақы кезең-кезеңімен өсуде. 2022–2025 жылдар аралығында мәдениет және архив ұйымдарында еңбек ететін 64 мың қызметкердің жалақысы жыл сайын 20 пайызға артты. Сонымен қатар өнер саласы мамандары стипендиялар мен мемлекеттік марапаттар арқылы тұрақты қолдауға ие.

Жыл басында 75 мәдениет қызметкері мемлекеттік стипендиямен марапатталды. Президент Жарлығына сәйкес бірқатар азамат Қазақстан мәдениетін дамыту мен насихаттауға қосқан үлесі үшін жоғары наградаларға ие болды.

Олардың қатарында еліміздің абыройын әлемдік сахнада асқақтатып жүрген опера әншісі Мария Мудряк та бар. 2025 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағы берілді.
«Мен үшін өз Отаным – Қазақстанның еңбегімді жоғары бағалауы – үлкен құрмет. Президентімізге алғыс білдіремін. Биыл шығармашылық жолыма 28 жыл толды. Қазақстанды әлемнің ең ірі опера сахналарында зор мақтанышпен таныстырып, алдағы уақытта да ел игілігі үшін қызмет ете беремін», – деді өнер иесі.

Сонымен қатар бірқатар жетекші мәдениет мекемелеріне «Академиялық» мәртебе берілді. Атап айтқанда, Талдықорған қаласындағы Бикен Римова атындағы драма театры, Алматы мемлекеттік қуыршақ театры, Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы қазақ драма театры және Батыс Қазақстан облыстық Ғарифолла Құрманғалиев атындағы филармонияның мәртебесі жаңартылды.

Лағыл Намаз
тілші