«Gulder» ансамблі Малайзия төрінде өнер көрсетті

Патриот жаршысы
9

Фото:24kz

Әйгілі «Gulder» эстрадалық би ансамблі Малайзияда өткен «ASEAN–2025» халықаралық музыкалық-мәдени фестивалі аясында өнер көрсетті.

Шығармашылық ұжым Куала-Лумпур қаласының сахнасында хореографиялық қойылымдар мен музыкалық нөмірлерден құралған мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Іс-шараға әлемнің бірнеше елінен 300-ден астам көрермен жиналды.

Концерт барысында ансамбль 20 нөмірден тұратын бай репертуарын паш етті. Көрермен назарына қазақтың дәстүрлі өнерін заманауи форматта ұсынған «Аққу», «Асатаяқ», «Қуаныш думан» қойылымдары, сондай-ақ «Дударай» әні ұсынылды. Сонымен қатар бағдарламаға малайзиялық, моңғол және қытай билері енгізіліп, түрлі мәдени дәстүрлердің үйлесімі көрініс тапты.

Шығармашылық ұжым Малайзиядағы концертке бірнеше ай бойы дайындалған. Ансамбльдің көркемдік жетекшісінің айтуынша, бағдарлама халықаралық аудиторияның талғамын ескере отырып бірнеше рет жаңартылған.

Абзал Өсімбаев, «Gulder» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

— Музыка сөзбен түсіндірсе, би — қозғалыс арқылы жеткізеді. Ол адамның жүрегіне жол табатын өнердің биік шыңы деп есептеймін. Ансамбль жаңғыртылған соңғы төрт жыл ішінде репертуарымызға 80–90 жаңа туынды қосылды. Соның 20-сын бүгін Малайзия сахнасында ұсындық, — деді.

Анвара Садықова, «Gulder» ансамблінің бас балетмейстері:

— Жаңартылған құрамның басты мақсаты — ұлттық негізді сақтай отырып, заман талабына сай даму. «Gulder» ансамблі 1969 жылы эстрадалық-жастар ұжымы ретінде құрылған. Сол кезеңде ұлттық биді жаңа стильде ұсыну арқылы қазақ өнеріне тың серпін берді, — деп атап өтті.

Айта кетейік, Малайзия ансамбльдің жаңа құрамымен өнер көрсеткен 13-ші ел. Соңғы үш жыл ішінде «Gulder» эстрадалық би ансамблі Швеция, Франция, Германия, Латвия, Қытай және Түркия елдерінде гастрольдік сапармен өнер көрсетті.

Лағыл Намаз
тілші