Көкшетауда көпфункционалды Kokshe Arena спорт кешені ашылды
Фото: ҚР СПОРТ КОМИТЕТІ
Көкшетау қаласында Kokshe Arena заманауи көпфункционалды спорт кешені пайдалануға берілді. Нысан Мемлекет басшысының 2025 жылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында берген тапсырмасын орындау аясында салынды.
Спорт кешені Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен тұрғызылды. Бұл мақсатқа Үкімет тарапынан 12,6 млрд теңге бөлінді.
Жаңа нысанның жалпы сыйымдылығы шамамен 1 мың адамға есептелген. Кешен құрамында:
заманауи мультимедиялық жүйелермен жабдықталған 650 орындық көрермен залы,
әмбебап спорт залы,
өрмелеу алаңы,
өрт-қолданбалы спорт түрлеріне арналған арнайы мұнара бар.
Сондай-ақ бокс, күрес, ауыр атлетика және кроссфит залдары олимпиадалық стандарттарға сай сертификатталған құрал-жабдықтармен қамтылған. Халықтың мобильділігі төмен топтары үшін де барлық қажетті жағдай жасалған.
Спорт кешенінің ашылу салтанатына:
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов,
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов,
Қаржы министрі Мәди Такиев,
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты.
Іс-шараның құрметті қонақтары ретінде World Boxing халықаралық федерациясының президенті Геннадий Головкин мен UFC аясында өнер көрсетіп жүрген танымал аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмонов болды.
Айта кетейік, Ақмола облысында Арнаулы мемлекеттік қор қаражаты есебінен барлығы 42 әлеуметтік нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде:
14 денсаулық сақтау мекемесі,
26 сумен жабдықтау нысаны,
2 спорт нысаны бар.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорт инфрақұрылымын дамыту мемлекеттік саясаттың негізгі басым бағыттарының бірі болып қала беретінін атап өтті.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында еліміздің барлық өңірінде заманауи спорт кешендері мен ареналар салынып жатыр. Бұл — бұқаралық спортты дамытуға және халыққа спортпен айналысу үшін қолжетімді жағдай жасауға бағытталған маңызды қадам. Мұндай нысандар балалар мен жастарды спортқа тартуға, спортшылардың дайындығын арттыруға және өңірлерде тұрақты спорт ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді министр.
Қазақстан Республикасының Бас прокуроры Берік Асылов кешеннің ашылуы активтерді қайтару жөніндегі тапсырманың нақты нәтижесі екенін атап өтті.
«Қайтарылған активтердің мақсатты пайдаланылуы қатаң бақылауда. Әрбір теңге ел дамуына қызмет етуі тиіс. Бұл бастамалар “Заң мен тәртіп” идеологиясына сай келеді және қоғам игілігі үшін, спортты дамыту мен жастарды “Адал азамат” тұжырымдамасы рухында тәрбиелеуге бағытталған», — деді ол.
Ал Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Kokshe Arena кәсіби спорт пен бұқаралық дене шынықтыруды біріктіретін маңызды нысан екенін айтты.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұқаралық спортсыз дені сау ұрпақ тәрбиелеу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өткен. Сондықтан спортты дамыту, жастарды қолдау және салауатты өмір салтын қалыптастыру — басты басымдықтардың бірі. Kokshe Arena халықаралық стандарттарға толық сай салынды», — деді өңір басшысы.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді.
2025 жылы республика бойынша 79 спорт нысаны салынды, ал жыл соңына дейін тағы 50 нысанды пайдалануға беру жоспарланған.
Қазіргі таңда елімізде:
912 балалар мен жасөспірімдер клубы,
521 мамандандырылған спорт мектебі жұмыс істейді.
Бұл ұйымдарда 700 мыңнан астам жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысады.