МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІН ХАЛЫҚПЕН БІРГЕ ҚАРСЫ АЛДЫ

Патриот жаршысы
5

Ақорда

Ел Президенті Наурыз мерекесінде қасиетті Түркістан қаласына сапармен барып, Жыл басын халықпен бірге қарсы алды.

"Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – әз-Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!

Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз.

Осыдан екі жыл бұрын елімізде "Таза Қазақстан" жалпыұлттық акциясы бастау алды. Ауқымды жоба халықтың, әсіресе, жастардың жаппай қолдауына ие болды. Азаматтарымыз тазалықты құр сөзбен емес, нақты ісімен көрсетуде. Ұқыптылық, жинақылық, тиянақтылық қасиеттері ұлтымыздың жаңа сапасына айнала бастады.

Жалпы, "Таза Қазақстан" бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс. Әсіресе, Ұлыстың ұлы күні тазалық философиясын кеңінен дәріптеу маңызды.

Ұлыстың ұлы күні Жер Ана да, еліміз де жаңарып жатқан осы тарихи сәтте айтылған тілектің мән-мағынасы айрықша деп ойлаймын.

Сондықтан ең бастысы елімізге амандық, жерімізге тыныштық тілеймін. Қасиетті Отанымыз – Қазақстан Республикасы мәңгі жасасын! Ата заңымыз өз тұғырынан түспесін! Туымыз биікте желбіресін! Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!" - деді Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Наурыз мейрамы өтіп жатқан «Керуен сарай» кешеніне барды.

Мемлекет басшысының назарына еліміздің тарихи-мәдени мұрасын паш ететін арнайы бағдарлама ұсынылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа қыш және ағаш шеберлерінің жұмыстары, тігін мен зергерлік өнер үлгілері, тері бұйымдары, сондай-ақ сан алуан дәстүріміз бен рухани қазынамызды бейнелеген суретшілердің туындылары көрсетілді.

Бұдан бөлек, Президент ұлттық спорт ойындарын тамашалады. Іс-шара барысында қазақ күресі, гір тасын көтеру, қол күресі, асық ату, арқан тарту, жамбы ату, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу және қошқар көтеру сияқты ойындар ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Президент ұлттық спорт ойындарын тамашалады.

 

Лаура Әлібек
тілші