Патриот ұл тәрбиелеген павлодарлық ата-аналарға Ішкі істер министрлігінің басшылығынан алғыс хат табысталды
Фото: gov.kz
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің басшылығы қызметтік борышын адал атқарып жүрген павлодарлық жас тергеушілердің ата-аналарын арнайы алғыс хаттармен марапаттады, – деп хабарлайды Patriotportaly.kz. Бұл – құқық қорғау саласында абыройлы еңбек етіп жүрген офицерлердің ғана емес, оларды тәрбиелеп өсірген отбасылардың да еңбегіне берілген жоғары баға.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтың атынан Ақсу қаласының тергеушісі, аға лейтенант Қайыр Қайырхановтың анасы Айгүл Анатольевнаға және Павлодар қаласының тергеушісі Давыд Ефимовтың ата-анасы Александр Владимирович пен Людмила Григорьевнаға ресми алғыс хаттар жолданды.
Алғыс хаттарда жас офицерлердің кәсіби біліктілігі, тәртіптілігі, жауапкершілігі және қызметке адалдығы ерекше атап өтілген. Министрлік басшылығы олардың әріптестері мен басшылық арасында зор құрметке ие болуына отбасында қалыптасқан құндылықтар мен тәлім-тәрбиенің ықпал еткенін жеткізді.
Бүгінде Қайыр Қайырханов пен Давыд Ефимов құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосып, қызметтік міндеттерін адал атқарып келеді. Олар өздерінің кәсіби шеберлігімен ішкі істер органдарының абыройын арттырып, халық сенімін нығайтуға қызмет етуде.
– Жұбайым екеуміз үшін бұл хат үлкен әрі өте жағымды тосынсый болды. Біз ұлымызды әрдайым адал болуға, берген сөзінде тұруға және адамдарға көмектесуге тәрбиеледік. Тергеуші мамандығы үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оның әр іске жанашырлықпен қарап, қоғам игілігі үшін еңбек етіп жүргенін көріп мақтанамыз, - дейді Давыд Ефимовтың әкесі Александр Владимирович.
Мұндай марапаттар жас қызметкерлердің еңбегін ғана емес, олардың бойына патриоттық рух, адамгершілік қасиеттер мен жауапкершілік сезімін сіңірген ата-аналардың еңбегін де айқындайды. Бұл – отбасы тәрбиесінің қоғам үшін маңызын көрсететін жарқын мысал әрі Отанға адал қызмет ететін азаматтарды тәрбиелеудің нәтижесі.