Астанада үздік жас сарбаздар іріктелуде

Астана қаласының әкімдігі
Елордада «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының қатысуымен полигондық жиын ресми түрде басталды. Іс-шара Астанадағы №68665 әскери бөлімінің базасында өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Жиынның ашылу рәсіміне ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, Қорғаныс істері жөніндегі департамент пен Жастар саясаты басқармасының өкілдері, әскери бөлім басшылығы және «Жас сарбаз» қозғалысының жетекшілері қатысты.
Үш күнге созылатын жиын аясында жастар белтемірге тартылу, автомат жинау, арқан тарту және «Смарт сарбаз» зияткерлік сайыстарында өзара бақ сынасады. 150 қатысушының арасынан 75 үздік іріктеліп алынады. Олардың ішінен Астана қаласының намысын қорғайтын 4 үздік команда таңдалып, Ақтөбеде өтетін XI Халықаралық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиынына жолдама алады.
«Жас сарбаз – Жеңіс рухының жалғасы» жобасы биыл Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен батыр қыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылуда», – дейді «Жас сарбаз» қозғалысының елордалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Салтанатты ашылу концерттік бағдарламамен жалғасып, әскери оркестр мен Құрметті қарауыл ротасы, Ибрагим Ескендір және «Жас сарбаз» студиясының әртістері өнер көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар әскери техниканың көрмесін тамашалап, әскери бөлімнің ішкі тынысымен танысты.