Түркі рухы Катон төрінде

Патриот жаршысы
21

Фото: Altainews.kz

Шығыс Қазақстанның інжу-маржаны Катонқарағайда «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық фестиваль өтті. Түркі дүниесінің мәдениетін тоғыстырған бұл ауқымды шараға алты мыңнан астам адам қатысты. Табиғатпен астасқан ұлттық рух, тарихпен сабақтасқан қазіргі заман — фестиваль алаңында барлығы үйлесім тапты.

Фестиваль Қазақстанның барлық өңірінен және Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Татарстан, Якутия секілді елдерден келген қонақтарды біріктірді. Олардың жайлы демалуына жағдай жасалып, киіз үйлер, шатырлар, кэмпинг аймақтары мен QR-ақпараттық нүктелер орнатылды.

Шара аясында «Ұлы даланың алтыны» атты жылжымалы көрме көпшіліктің қызығушылығын оятты. Мұнда мыңнан астам құнды жәдігер – көне жауынгерлер мен абыздардың реконструкциясы, алтын әшекейлер, ежелгі дәуірлердің рухын жеткізетін көне заттар қойылды. Бұл көрме қазақ даласының терең тамыры мен тарихын көзбен көруге мүмкіндік берді.

Кештің соңы халықаралық гала-концертпен қорытындыланды. Сахна төрінде түркі елдерінен келген өнерпаздар ұлттық ән мен бидің көркемдігін паш етті. Бұл — халықтар арасындағы мәдени байланысты тереңдеткен жарқын кеш болды.

Катонқарағай ауданы шараға ерекше дайындықпен келген: ипподром қайта жаңартылып, трибуналар орнатылды, жолдар жөнделді, электр және су жүйелері тартылды, барлық ғимараттар ортақ дизайн-кодпен безендірілді. Мұның бәрі өңірдің инфрақұрылымына оң әсер етті.

Фестиваль – тек ұлттық мәдениетімізді дәріптеу ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да серпін берген бастама. Ұйымдастырушылар бұл дәстүрді екі жыл сайын тұрақты өткізуді көздеп отыр.

Малика Рүстем
тілші