Джеки Чанның жаңа фильмі Маңғыстауда түсірілуі мүмкін: Қазақстан әлемдік кинематографияның назарында

Патриот жаршысы
128

Фото: sports.kz

 

Патриот порталы – Аты аңызға айналған Джеки Чан ойнайтын әйгілі «Құдіретті сауыт» франшизасының жалғасы Маңғыстау облысында түсірілуі мүмкін. Жобаның халықаралық түсірілім тобы Ақтауға келіп, өңірдің бірегей табиғи локацияларын зерттеуді бастап кетті. Бұл туралы облыстық туризм басқармасы хабарлады.

1986 жылы жарық көрген «Құдіретті сауыт» — Джеки Чанның әлемдік даңқын асқақтатқан ең танымал туындыларының бірі. Жылдар өткеннен кейін франшизаның қайта жандануы әлем жанкүйерлерін елең еткізді. Ал оның Қазақстанда, нақтырақ айтқанда Маңғыстауда түсірілуі – еліміздің киноиндустриясы үшін тарихи қадам болмақ.

Ақтауға келген алғашқы күннен түсірілім тобы Маңғыстау облысының әкімімен кездесіп, ұйымдастыру мәселелерін, логистика мен түсірілімге қажетті инфрақұрылым қолдауларын талқылады. Жоба мақұлданса, Маңғыстау өңірі халықаралық деңгейдегі ірі экшн-фильмнің басты сахнасына айналып, жаһандық кинематография картасына енеді.

Жобаның режиссері, «Құдіретті сауыт: Ультиматум» фильмін түсірген Роберт Кун өзінің Ақтауға келгенін әлеуметтік желіде растады. Бұл – түсірілім жұмыстары Қазақстанда өтуі мүмкін деген пікірді одан әрі күшейтті.

Бұған дейін Джеки Чан «Құдіретті сауыт» франшизасының жаңа бөлімін Қазақстанда түсіру ниетін білдірген болатын. Сондай-ақ актер болашақ жобаның режиссерін ресми түрде бекіткен еді.

Егер түсірілім Маңғыстауда өтетін болса, бұл – Қазақстанның табиғаты, мәдениеті мен халықаралық кинематографияға ашықтығын әлемге танытатын ерекше мүмкіндік. Ел тарихында алғаш рет Джеки Чан қатысатын ауқымды блокбастер қазақ даласында түсірілмек.

Лағыл Намаз
тілші