«Ұлт рухын арқалаған жас: 8 жыл бойы Бауыржан Момышұлы мұрасын дәріптеп жүрген Сәт Қуантай»

Патриот жаршысы
2226

Фото:Patriot Portaly инфографика "sat_quantai"

Қазіргі ақпарат тасқыны дәуірінде ұлттық құндылықты сақтау, рухани тәрбие мен тарихи сананы жаңғырту аса жауапты да күрделі миссия. Әсіресе, жастардың талғамын қалыптастыруда, ұлттық тұлғаларды жаңаша танытуда әлеуметтік желінің рөлі зор. Осындай бағытта 8 жыл бойы үздіксіз еңбек етіп келе жатқан жоба авторы – Сәт Қуантай, Instagram желісіндегі @baurzhan_momyshuly парақшасының негізін қалаушы, жас тарихшы әрі ұстаз.

Бүгінде 225 мыңнан астам оқырманы бар парақша Бауыржан Момышұлы мұрасын жаңа форматта насихаттап, қазақ жастарының рухани әлеміне айтарлықтай үлес қосып келеді. Біз Сәт мырзамен сұхбаттасып, жобаның тарихы, ұлттық тәрбие, ұстаздық жол, мотивация және болашақ жоспарлар туралы кеңінен әңгімелестік.

– Өзіңіз туралы айтып өтсеңіз. Өмір жолыңыз, біліміңіз, ұстаздыққа келуіңіздің тарихы?

Менің есімім – Қуантай Сәт Айтуғанұлы. Туған жерім тарихи тамыры тереңге тартылған, талай дәуірдің сырын сақтаған қасиетті Әулиеата, Тараз шаһары. 2000 жылдың 16 қаңтарында осы бір киесі бөлек қалада дүниеге келдім.

Білім жолым Тараз қаласындағы №54 мектептен басталып, уақыт өте келе бұл ізденіс мені Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне алып келді. Сол жерде “Тарих мұғалімдерін даярлау” мамандығын таңдадым. Бұл таңдаудың артында тек кәсіби қызығушылық емес, ұлт тарихына деген құрмет, өткенге деген жауапкершілік, балалықтан бойыма сіңген рухани тәрбие тұрды. 2024 жылы осы білім ордасын тәмамдап, қазіргі таңда тарихи білімімді тереңдету мақсатында магистратурада оқуымды жалғастырып келемін.

Ұстаздық жолға келуім жай ғана таңдау емес, өмірлік миссия секілді. Бұл жолға түсуіме ең алдымен тәрбиеме, рухани құндылыққа аса мән берген асқар тау әкемнің өнегесі үлкен әсер етті. Әкенің ақыл-өсиеті мен көңіліне түйген ұлттық тәрбие – мені ұстаздыққа жетелеген басты күш болды.

2024 жылы алғашқы еңбек өтілімді 125 International School of Taraz мектебінде бастадым. Бүгінде осы білім ошағында тұғырлы тарих пәнінің мұғалімі ретінде жас ұрпаққа өткеннің мәнін, бабалардың аманатын, елдік жолды үйретіп келемін.

Мен үшін ұстаздық жай мамандық емес, рухани борыш, ұлттық сананы ояту жолындағы қызмет. Сол жолда талмай еңбектеніп, шәкірттеріме тарихты тек оқулықтағы дерек емес, ұлттың жүрек шежіресі ретінде түсіндіруді мақсат тұтамын.

– @baurzhan_momyshuly жобасын бастауға нақты не түрткі болды? Сол алғашқы күн қандай еді?

@baurzhan_momyshuly жобасын бастауымның түп негізі жүрегімдегі бала күннен қалыптасқан қастерлі құрмет. Мен үшін Бауыржан Момышұлы тек тарихтағы тұлға емес, ерлік пен адамдықтың рухани биігі.

Бала күнімде асқар тау әкем Бауыржан атамыздың өлеңдерін, естеліктерін, өнегеге толы әңгімелерін үнемі айтып отыратын. Әкемнің әр сөзінен рух алған мен сол кездің өзінде Бауыржан атамның бейнесін көз алдыма елестетіп, оның мінезін, қайратын жүрегіммен сезуге тырысатынмын. Бүгінде рухани дүниемнің қалыптасуына негіз болған әкеме де, Бауыржан атамның асыл рухына да шын жүректен тағзым етемін.

Ал әлеуметтік желідегі жобаға келетін болсам, 2017 жылы, небәрі 17 жасымда, мектеп оқушысы кезімде осы парақшаның негізін қаладым. Сол кезеңде желіде жастарды жеңілдікке, мәнсіз бағытқа тартатын контент көбейіп, ұлттық рухқа қатысты дүниелердің көлеңкеде қалып бара жатқаны мені қатты алаңдатты.

Сол кезде көңіліме бір ой келді:

«Қазақтың рухын асқақтатқан Бауыржан атамыздың мұрасын жаңа дәуір жастарына жаңа форматта неге ұсынбасқа?»

Міне, осылайша 2017 жылдың 4 ақпанында бала жүректегі адал ниетпен, қарапайым телефонмен, мектеп партасының жанында тұрып алғашқы жазбамды салдым. Ол кезде парақша бүгінгідей өсіп, атаның сөзін қадірлейтін 225 мыңнан астам оқырман жиналады деп мүлде ойламаған едім.

Жобаның алғашқы күні мен үшін естен кетпес, ең қарапайым, бірақ ең қымбат күн. Сол күннен бастап бұл парақша жеке бастың бастамасы емес, рухани аманатқа айналды.

– 8 жыл бойы ұлттық бағыттағы контентті тұрақты жүргізу үшін қандай ішкі мотивация сізді алға жетелейді?

Менің мотивациям сырттан іздеп табатын дүние емес. Ол - жүрегімде күмбірлейтін үн, бабалар рухынан жеткен текті сарын.

Сайын даланың сайын төсіне ерлікпен мөрін басқан ата-бабамның табанды рухы, найзағайдай жарқ еткен талай батырдың есімі менің ішкі қайратымның қайнар көзі дер едім.

Бауыржан атамыздың әрбір сөзі – ұрпаққа жол тартқан отты өнеге секілді. Ол кісінің аманаты жай жүк емес, ұрпақтың тағдырына, тілдің ғұмырына жауап беретін рухани борыш.

Уақыт тарылып, шаршау белден алатын күндер болады. Сол кездері көңілдің қара бұлтын жарып шығатын бір ғана ой мені жетелеп тұрады:

«Егер біз бүгін өз тілімізді қасиет тұтпасақ, ертең оны тірілтіп айтар жан табылар ма?»

Бұл сұрақ мені тоқтатпай, әрдайым жаңа күнге жетелеп отыратын ішкі серпін. Өйткені тіл – ұлттың тынысы, рух – ұлттың жүрегі. Ал жүрексіз адам өмір сүре алмаса, рухсыз ұлт та ұзақ жасамайды.

Бауыржан атамыз:

«Ұлттық рух — адамды да биіктететін, ұлтты да сақтап қалатын асыл қасиет» — деген.

Мен үшін бұл сөз емес, серт. Сол сертке адал болу сегіз жылдық жолымды жалғап келе жатқан ең үлкен мотивация дер едім.

 – Бауыржан Момышұлы мұрасын қазіргі жастарға жеткізудің ең қиын және ең жауапты тұстары қандай?

Бауыржан Момышұлының мұрасын замандастарыма, қазіргі жастарға жеткізу оңай шаруа емес. Ең қиыны атаның мінезін, рухындағы отты, адамгершілік қағидаларын бүгінгі заманның тілімен, түсінігімен жеткізу. Бұл тек сөз емес, жүрекпен сезіну мен санаға әсер ететін шеберлік.

Ең жауапты тұсы шығармаларын тек оқып беру емес, оның болмысын, даралығын, көзқарасын сақтап, ұрпаққа рухани аманат ретінде жеткізу.

Бауыржан атамыз – қаһар мен мейірімнің, тәртіп пен еркіндіктің, қаталдық пен әділдіктің тірі үйлесімі. Сол шынайылықты бұрмаламай, әр сөзін, әр ісін дәл беру үлкен жауапкершілік, ұрпақ алдындағы абыройлы борыш.

– Сіздің ойыңызша, бүгінгі қазақ жастарының тарихи санасы қандай деңгейде? Қандай өзгеріс байқалады?

Қазіргі қазақ жастарының тарихи санасы айтарлықтай өзгеше қалыптасып келеді. Олар тек өткенді жаттап қана қоймай, олар тарихтың мәнін сезініп, рухын бойларына сіңіруге тырысады. Бабалардың ерлігін, ұлттық құндылықтарды бүгінгі өмірмен салыстыра отырып түсіну олардың ерекшелігі дер едім.

Сонымен қатар, жастар тарихты өздері көріп-білгендей, ой елегінен өткізіп, оны тек өткеннің бейнесі емес, қазіргі заманға бағыт беретін өмірлік сабақ ретінде қабылдайды. Бұл тек білім емес, рухани ізденіс пен ұлттық санадағы жаңғырудың белгісі.

Қысқасы, бүгінгі ұрпақ тарихты тек бітпейтін факт ретінде емес, ұлттың болашағын түсінуге, өз орнын сезінуге көмектесетін айна ретінде қабылдап келеді.

– Тарихты оқытуда өзіңіздің ерекше әдісіңіз — басты принципіңіз қандай?

Менің тарихты оқытудағы басты қағидам жастарды рухани, ғылыми және мәдени майданның саналы өкілдері ретінде тәрбиелеу. Тарих тек шаң басқан архив емес, тірі өмір, жанды да қанық шежіре болуы керек.

Оқушы әр оқиғаны көз алдына елестете алған сәтте, тақырып жүрегіне жетеді. Сол себепті сабақта мен оқиғаны тек дерек ретінде емес, кейіпкердің тағдыры, уақыттың атмосферасы, дүниетанымның үні арқылы жеткізуге тырысамын.

– Ұлттық рухты тәрбиелеуде мұғалімнің рөлі қандай? Мұғалімнің бір сөзі баланың өмірін өзгерткен сәттері болды ма?

Мұғалім әр баланың өміріндегі алғашқы рухани шамшырақ. Мұғалім тек білім беріп қана қоймай, баланың жүрегінде ұлтқа, адамгершілікке, өмірге деген көзқарастың тұтқасын жағып, бағыт көрсететін адам.

Менің оқушыларым кейде маған қисса айтып беруімді сұрайды. Себебі сабақта мен тек деректерді жеткізбей, Бауыржан атамыздың қанатты сөздерін, мәдениет пен ғылым майданының дара тұлғаларын, тарихтағы тағылымды оқиғаларды сабаққа енгізуге тырысамын. Сол сөздерге оқушыларым ұйып тыңдайды, жүректеріне сіңіреді. Бұл мен үшін ұлттық құндылықтардың қайта тіріліп, рухани сананың оянғанын сезетін сәт болып табылады.

Жеке тәжірибемде әлі оқушыларымды бір сөз арқылы түбегейлі өзгерткенімді толық білмеймін. Мүмкін, оның жемісін олар есейгенде, өмірде өз жолын тапқан сәттерінде көрермін. Дегенмен, әр сабақта, әр әңгімені, әр өсиетті жүректеріне жеткізуге тырысамын.

Оқушы кезімде мені бір ауыз сөзімен өзгерткен ұстаздарым бар еді. Әсіресе сынып жетекшім, Оразбаева Зухра Маратқызының жылы, қолдаушы сөздері мен үшін ерекше болды. Сол сәттер әрқашан шамшырақ сияқты жол көрсетіп, дұрыс бағытқа жетелейтін күш болып қалды.

Шынайы айтқанда, мұғалімнің бір ауыз сөзі кейде мың сөзден артық, жүрекке жетіп, баланың өмірін түбірімен өзгерте алатын рухани күшке ие екеніне көзім жетіп келеді.

– Қазақ тарихында қоғам біле бермейтін, бірақ айтуға тиіс бір маңызды деректі бөліссеңіз?

Көпшілік біле бермейтін, бірақ айтуға тиіс жайт қазақ даласында білім мен тәрбие жүйесінің аса ерте қалыптасқаны. Көшпелі өмір сүруіне қарамастан, қазақ халқы баланы тек отбасының ғана емес, бүкіл рудың, тайпаның, қауымның ортақ жауапкершілігі ретінде тәрбиелеген.

Бала ұл болып туса – елдің күші, қыз болып туса – елдің сәні деп қараған дәстүрлі тәрбие мектебі бұл тек білім емес, рухани, адамгершілік және әлеуметтік мәдениеттің тұтас жүйесі. Әрбір бала өз қауымының, өз руының айнасы, оның бойындағы мінез, жүрек жылуы, тәртіп бүкіл қоғамның болмысына әсер ететін.

Қазақ даласының бұл ерекше педагогикалық тәжірибесі, мұның мәні бүгінгі заманғы педагогикадан еш кем емес: ол баланы жан-жақты дамыту, адамгершілікті, ынтымақтастықты және ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған тұтас мәдениет дер едім.

Сондықтан тарихты оқи отырып, біз тек өткеннің оқиғаларын ғана емес, ұлттың тәрбие және білім беру мәдениетінің ұлы үлгісін де көре алуымыз керек.

– Әлеуметтік желіде ұлттық контент жасаудың ең күрделі қыры қандай? Қандай пікірлер жиі кездеседі?

Ең күрделі тұсы шынайылықты сақтау. Ұлттық рухты жасандылық көтермейді.

Пікірлердің ішінде «осындай контент керек еді», «Сіз Бауыржан Момышұлының немересісіз бе?» «ұмытқанымызды еске салдыңыз» деген сөздер жиі кездеседі. Бұл ең үлкен қолдау.

– Парақшаңызды болашақта қандай деңгейге жеткізгіңіз келеді? Жаңа жобалар, жоспарлар бар ма?

Болашақта парақшамды тек ақпарат тарататын құрал ретінде емес, ұлттық тәрбие мектебіне айналдырғым келеді. Онда әр жас қазақ үшін рухани жол көрсететін, жүрекке жететін мектеп болсын деп армандаймын.

Жаңа жобалардың ішінде – Бауыржан Момышұлы мұрасына арналған шағын подкасттар, сондай-ақ «Рухани сабақтар» айдары бар, олар арқылы жастарға ұлттық құндылықтарды, ерлік пен адамгершілікті жеткізгім келеді.

Ең үлкен арманым қазақ оқырмандары үшін Бауыржан атамыздың рухына арналған кітап жазып шығару.

Барлық бастаманың бір ғана мақсаты бар: рухтың отын сөндірмей, оны әр жүрекке жеткізу.

– Жастарға қазіргі ұрпаққа бір ғана кеңес беру мүмкіндігі туса, не айтар едіңіз?

Мен жастарға, жас ретінде бір ғана кеңес берер едім:

Өз тамырыңды ұмытпа.

Тамыры терең ағаш қана дауылға сынбайды.

Ал тамыры берік ұрпақ – ешқашан жойылмайды.

Сәт Қуантайдың әңгімесі  бұл бір адамның бастамасы ғана емес, ұлт рухын қорғауға арналған тұтас қоғамдық миссияның айқын көрінісі. Ол Бауыржан Момышұлы есімін дәріптеуді жеке идея немесе контент өндірісі деп емес, ұрпақ алдындағы аманат деп қабылдайды.

Сегіз жыл бойы бір парақшаға жанын салып еңбек ету табандылықтың, жауапкершіліктің және ұстаздық жүректің бұлтартпас дәлелі. Оның жұмысында жасандылық жоқ, әр сөзі мен ісінде ұлттық рухқа деген шынайы құрмет, рухани тазалық, тарих алдындағы адалдық сезіліп тұрады.

Сәт мырза тек мұра насихаттаушы емес  ол қазіргі заман жастары үшін рухани бағдаршы, ұлттық сана қалыптастыру жолындағы табанды ұстаз.

Бүгінгі ұрпақ рухани ізденіске, ұлттық болмысқа бет бұрған кезеңде автордың еңбегі уақыт талабына сай келетін, қоғам үшін қажет, құнды әрі тағылымды жұмыс. Оның жобасы ақпараттық ағымда жоғалып кетпей, өз болмысын сақтағысы келетін қазақ жастарына арналған рухани алаң.

Patriot Portaly Сәт Қуантайдың еңбегін жоғары бағалай отырып, оның бастамасы әлі талай жастың жүрегіне от жағып, ұлттық сананы күшейтуге үлес қосатынына сенеді.

Ұлттың рухы оның жас ұрпағында. Ал сол рухты оятатын тұлғалар бүгінгі заманның ең үлкен бағасын алуға лайық.

Лағыл Намаз
тілші