Қазақ ұлттық хореография академиясы TÜRKÜNİB құрамына енді

Патриот жаршысы
43

Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

Қазақ ұлттық хореография академиясы Түркі мемлекеттері ұйымының қолдауымен жұмыс істейтін Түркі мемлекеттері университеттері одағына (TÜRKÜNİB) ресми түрде мүше болды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, академияның халықаралық бірлестікке қосылуы академиялық ұтқырлықты дамытуға, білім беру мен ғылыми ынтымақтастықты кеңейтуге, сондай-ақ түркі әлемінің жоғары оқу орындары арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға бағытталған.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері кеңесінің саммитінде ортақ білім беру кеңістігін қалыптастырудың, сондай-ақ түркі елдерінің студенттері мен оқытушылары арасындағы академиялық алмасуды қолдаудың маңызын ерекше атап өткен болатын.

Айта кетейік, TÜRKÜNİB құрамына Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Мажарстан елдерінен 170-тен астам жоғары оқу орны кіреді. Қазақстан тарапынан бұл одаққа әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті және өзге де жетекші білім ордалары мүше.

Еске сала кетейік, бұған дейін жапон балет мектебінің оқушылары Қазақ ұлттық хореография академиясында дәріс алғаны хабарланған болатын.

Лағыл Намаз
тілші