UAE SWAT Challenge-2026: Қазақстан қарсылас шақ келтірмеді

Патриот жаршысы
12

Ақ орда

Араб жазирасында өткен UAE SWAT Challenge-2026 жарысында қазақстандық командалар елімізді әлемге танытты. Қазақтың арнайы жасақ жігіттері 5 күн бойы жаһаннан жиылған 109 команданың ешқайсысын алдына шығармады. 
Нәтижесінде беделді додада ел намысын абыроймен қорғап, жарысты айқын жеңіспен аяқтады.

UAE SWAT Challenge – тактикалық операциялар, ғимарат пен мұнараны басып алу, кепілге алынғандарды және офицерлерді құтқару, сондай-ақ кешенді кедергілер жолағынан өту секілді бес күрделі кезеңнен тұратын халықаралық жарыс. Бұл сын алаңында тек күш емес, темірдей тәртіп, мінсіз үйлесім және стратегиялық ойлау шешуші рөл атқарды.

Күллі әлем көз тіккен доданың алғашқы күні екі бірдей командамыз жеңіс тұғырынан көрінді. Қазақстан С командасы 2 минут 28 секундта рекорд жаңартып жеңімпаз атанды. Ал екінші орынға Қазақстан D командасы табан тіреді.    
Екінші күні Қазақстан С тағы да жеңіске жетті. Қызықтың көкесі жарыстың үшін күні болды: “Не бел, не белбеу кетеді” деп сайысқа шыққан Қазақстан А командасы үлкен тәуекел жасау арқылы жаңа рекорд орнатты. Олар былтыр өткен сайыста Қазақстанның “Сұңқар” командасы орнатқан рекордты бұзып жарды. Дәл осылай қазақтың рекордың қазақ жаңарты. Осылайша, дәл осы күні жүлделі үш орынның үшеуін де қазақстандық командалар иеленді. Атап айтқанда жеңіс сатысында Қазақстан А, Қазақстан В, Қазақстан С құрамалары тұрды. Әлемнің назары Қазақстанға ауды. Дубай аспаны “Қазақстан” деп жаңғырды. 
Төртінші күні Қазақстан В топ жарса, Қазақстан С командасы үздік үштікті түйіндеді. Мұндай қуанышты әрі жарқын сәттер әр жарыс күнін айшықтап, мерейімізді үстем етті. Әр күн жауынгерлеріміздің жанкешті ұмтылысын көріп, олардың ел деп соққан жүрегі барын сезіндік. Сынаққа түскен арнайы жасақ жауынгерлері үшін тақым қысып, тілектес болдық. 

Жарыстың жалпы қорытындысы бойынша “Kazakhstan C” құрамасы 2026 жылғы сайыстың жеңімпазы атанды. Команда барлық кезеңде тұрақты нәтиже көрсетіп, кәсібиліктің жоғары деңгейін дәлелдеді. “Kazakhstan А” командасы да ел үмітін ақтап, әлемдік турнирдің екінші орнын иеленді. Осылайша, қазақстандық құрамалар жарыстың барлық кезеңінде ең мықты қарсыластарына да басымдық бермей, табандылық пен шеберліктің үлгісін танытты. Тағы бір айта кететін жайт: 5 күнге жалғасқан сайыста 109 команданың ішінде екі-ақ команда тапсырмаларды мүлтіксіз, 100% сауатты орындап шыққан. Олар –  “Қазақстан С” және Томирис командасы.

 Жарыс жолында бес команда да теңдессіз дене дайындығын, командалық үйлесімділік пен жауынгерлік рухты паш етті. 

Олар әр тапсырмада секундпен жарысып қана қоймай, нақты операциялық жағдайларға барынша жақын сценарийлерде кәсіби шеберлігін танытты.

Қазақстан құрамасының сапында бір тудың астына Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның (Бүркіт) арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің үздік жауынгерлері бірікті. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланның арнайы мақсаттағы жасағы бұл халықаралық жарысқа Ішкі істер министрі, полиция генерал-лейтенанты Ержан Сәденовтың қолдауымен барып, ел мерейін үстем етті.

Сонымен бірге жарыстың басы-қасында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-майор Аңсаған Балтабеков болып, қазақстандық жауынгерлерге тікелей қолдау білдірді. Бұл қолдау – тек моральдық демеу ғана емес, елдің күштік құрылымдары арасындағы бірліктің, ортақ мақсаттың және жүйелі жұмыстың айқын көрінісі.

Биыл Қазақстан командалары бірікке құраммен көпшілік назарын аудартты. Олар қазақ біріксе, алынбайтын қамал жоғын тағы бір мәрте дәлелдеді. Әртүрлі құрылымдардың тәжірибесі мен машығы бір арнаға тоғысып, біртұтас күшке айналды. Бұл бірлік халықаралық аренада өз нәтижесін берді.

Турнирдің жарқын беттерінің бірі — “Tomiris” қыздар құрамасы болды. Олар әлем жанкүйерлерінің ерекше ықыласына бөленді. Әр кезеңде әйелдер командалары арасында озық шығып, жалпы есепте ондаған ерлер құрамаларын артта қалдырды. Аруларымыз бір қолдың саласындай қимылдап, әр тапсырманы сағат тілінің тақылындай орындап отырды. Олар 120 келілік алып резеңкі қайыспай көтерсе, кей елдің ерлер командасы дәл осы затты иықтарына іле алмай қипақтап қалғанын көпшілік көгілдір экраннан көріп күлгені де жасырын емес.  “Tomiris” командасы тек жоғары нәтиже көрсетіп қана қоймай, қазақстандық әйел жауынгерлердің кәсіби деңгейін, батылдығы мен табандылығын әлемге танытты. Олардың өнері халықаралық жарыс тарихындағы ерекше оқиғаға айналды.
Жарыс жолындағы елеулі оқиғалар туралы ауыз толтырып айтарлық жайттар жетерлік.  Мәселен, екінші орын алған KAZAKHSTAN А командасындағы мергеннің рекордтық көрсеткіші де әлемді таңғалдырды. Ұлттық ұланның «Бүркіт» арнайы мақсаттағы бөлімшесінің қызметкері 18 секунд ішінде 5-ші қабатқа көтеріліп, атып үлгерді. Осылайша снайперлер арасында да рекорд орнатты. Бұдан бөлек Ұлттық ұланның жауынгері сайыстың бірінші күні аяғын жаралап алды. Бірақ жаралы жауынгер жарыс аяқталғанша намысты қолдан бермеді.  Оның көз ілеспес жылдамдығына байланысты Пуля деп атап кеткен. Аталған фактілер Қазақстан арнайы жасағының кәсіби дайындығының жоғары екенін көрсетеді.

Кедергілер алаңында орта тұстан өте алмай қалған команда мүшелері де болды.  Егер бір командадан бір адам межеге жете алмай қалса, ұжымның еңбегі есіл кетті деген сөз. Аш біздің арыстар мұндай кемшілікке бой алдырмады. Жарыс тек қана жылдамдық пен физикалық-моралдық күш-қуатты талап етпейді. Бұл жерде бапкерлік құрам мен нұсқаушылардың есебі аса маңызды. Әсіресе, тактикалық талас-тартыс үлкен рөл ойнайды. Бұл жолы біздің командалар қытайлық қарсыластарынан айласын асырып, былтыр жүзеге асырған олардың тактикалық әдісін өздеріне қарсы қолданды. Сол арқылы межелі деңгейге жеткен кей командаларымыз Қазақстан А құрамасының рейтингтегін орынын нығайтып алуға септігін тигізді. 

Бес күндік дода Қазақстан арнайы бөлімшелерінің жауынгерлік әзірлігі мен халықаралық стандарттарға сай дайындық деңгейін айқын көрсетті. Бұл жеңіс — жекелеген командалардың ғана емес, ел қауіпсіздігін қамтамасыз ететін барлық күштік құрылымдардың ортақ жетістігі болды.

Бұл жетістік елеңбей қалмады, жеңімпаз жауынгерлерді түн қараңғылығы мен сар шұнақ аязға қарамастан бір қауым ел әуежайдан күтіп алды. Президент тапсырмасын сәтті орындаған арнайы жасақ жауынгерлерін Мемлекет басшысы да қабылдады.

16 ақпан күні Ақордада UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жүлделі оралған командаларды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жеңімпаздарды шын жүректен құттықтап, олар нағыз қазақ жауынгері рухының қандай болатынын әлем жұртшылығына паш еткенін, Қазақстанның беделін биікке көтергенін атап өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысының Жарлығымен UAE SWAT Challenge-2026 халықаралық жарысынан жеңіспен оралған бір топ офицер мен әскери қызметкер Бауыржан Момышұлы атындағы ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен және Қазақстан Республикасы Президентінің Алғысымен марапатталды.

Осылайша, Дубайдағы бұл тарихи дода Қазақстанның арнайы жасақтары әлемдік деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Лайым жылда бұл дәстүр жалғасын таба берсін дейміз.

Жанболат Кенжеғұл
әскери журналист