Астана — тазалық пен көркеюдің үлгісі

Астана қаласының әкімдігі
Астанада көктемнің басталуымен бірге республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл бастаманың басты мақсаты – қаланың санитарлық жағдайын жақсарту, көгалдандыру және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру.
Аталған акцияға елордадағы барлық алты аудан жұмылдырылып, тұрғындар, еріктілер, кәсіпорындар, шығармашылық және спорт өкілдері, ПИК-тер, мемлекеттік органдар белсене атсалысты. Астана қаласы әкімдігінің ресми сайтының мәліметінше, акция шеңберінде 31 мыңнан астам аула, оның ішінде көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторлар тазартылды.
Сондай-ақ, 200-ден аса парк пен сквер, 84 тарихи-мәдени нысан, 50-ден астам субұрқақ және 114 мың шақырым арық жүйесі ретке келтірілді. Қала көшелері мен аулаларында 33 800 м² аумақтағы тротуарлар мен тас төсемдер жөнделіп, жаңартылды. Жалпы 6 мың тоннадай тұрмыстық қалдық шығарылды.
Көктемгі кезеңнен бері 230 мыңнан астам тұрғын, 14 мыңнан аса ұйым мен кәсіпорын, сондай-ақ 5 260 арнайы техника экологиялық шараға қатысқан. Бұдан бөлек, азаматтардың өтініштерін қабылдайтын @TazaQazBot атты онлайн-платформа да белсенді жұмыс істеуде. Бұл жүйе арқылы тұрғындар жарықтандыру, жол сапасы, көгалдандыру және рұқсатсыз қоқыс төгу сияқты мәселелер бойынша жедел хабарлап, тиімді шешім алуда.
5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күні мен Қазақстандағы Эколог күні аясында мектеп оқушылары мен жастарға арналған танымдық іс-шаралар, табиғат аясындағы экосабақтар, кездесулер, экскурсиялар, шығармашылық байқаулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, «Таза Қазақстан – таза болашақ» ұранымен флешмобтар мен челлендждер өткізіліп, жастар мен еріктілердің белсенділігімен өтпек.
Астана бүгінде тек әкімшілік орталық емес, тазалық пен тәртіптің, қоршаған ортаға деген жанашыр көзқарастың нақты үлгісіне айналуда.