Атыраудағы полицейлер әулеті

Патриот жаршысы
14

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі

Атырау облысы полиция департаментінде отбасылық өмір мен кәсіби борышты қатар алып жүрген 46 ерлі-зайыпты полицей бар. Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде олар иық тірестіре еңбек етуде. Бұл – адалдық пен өзара түсіністікке негізделген жанұялар бейнесі.

Олардың көпшілігі – 23 пен 35 жас аралығындағы жас мамандар. Отбасылық өмірде де, қызмет жолында да бір-біріне қолдау білдіретін жұптар – құқық қорғау саласының жауапты міндеттерін лайықты атқарып келеді.

Мұндай отбасылардың арасында зейнетке шыққан тәжірибелі ардагерлер де бар. Мәселен, Ермұхановтар отбасы 45 жыл бойы бірге өмір сүріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеп отыр. Сондай-ақ полиция подполковнигі Фархад Ислямов пен оның жары, полиция подполковнигі Әйгерім Әбенова – 20 жылдай жұп болып, жас мамандарға үлгі боларлықтай қызмет етіп жүрген отбасылардың бірі.

Қызмет пен отбасын қатар алып жүру – оңай шаруа емес. Бірақ бір салада қызмет етіп, бірін-бірі жақсы түсінетін мұндай жұптар – ішкі істер органдарындағы ауыртпалық пен жауапкершілікті жеңілдетіп, ұжым ішіндегі ынтымақ пен сенімнің нығаюына ықпал етуде. Бұл — отбасылық берекенің ғана емес, қоғамдық тұрақтылықтың да кепілі.

Малика Рүстем
тілші