Бүгін Қазақстан құрамасы Фарер аралдарымен жолдастық матч өткізеді

Патриот жаршысы
19

Фото: Pixabay

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы бүгін Фарер аралдары командасына қарсы жолдастық кездесуде бақ сынайды. Матч Қазақстан уақытымен 22:00-де басталып, ойынды «Qazsport» арнасы тікелей эфирде көрсетеді. Кездесу Хорватияның Пула қаласында өтеді.

Қос құрама бұған дейін төрт рет кездескен: оның екеуінде Фарер аралдары жеңіске жетсе, бір матч тең нәтижемен аяқталған, ал бір ойында Қазақстан құрамасы басым түскен. Бұл жолғы матчта да ұлттық құрамадан намыс пен жігер күтіледі — өйткені көк байрақты асқақтататын әр жеңіс ел абыройының символы.

Қазақстан командасы 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде J тобында 8 ұпай жинап, төртінші орынға табан тіреді. Ұлттық құрама Уэльс (1:3, 0:1), Солтүстік Македония (0:1) және Бельгияға (0:6) қарсы матчтарда жеңілсе, Солтүстік Македония және Бельгиямен (1:1) тең түсті. Лихтенштейнге қарсы екі ойында да сенімді түрде жеңіске жетті — 4:0 және 2:0.

Фарер аралдары құрамасы L тобында 9 ұпаймен үшінші орынға тұрақтаған. Команда Хорватия (0:1, 1:3), Чехия (1:2, 2:1), Черногория (0:1, 4:0) және Гибралтармен (2:1, 1:0) кездесулер өткізді.

FIFA рейтингінде Қазақстан құрамасы 119-орында, ал Фарер аралдары 136-сатыда тұр.

Бас бапкер Талғат Байсуфинов бұл матчқа «Қайрат» клубының ойыншылары қатыспайтынын айтты. Себебі олар алдағы Чемпиондар лигасының бесінші турына — Данияның «Копенгаген» командасына қарсы маңызды ойынға дайындалып жатыр.

Айта кетейік, осыған дейін Хорватияда өткен 17 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеуінде Қазақстан жасөспірімдер құрамасы өз тобында бірінші орын алған болатын. Жасөспірімдерден бастап ұлттық құрамаға дейінгі осындай табыстар – қазақ спортшыларының қайсар рухын көрсетіп, ел намысын қорғаудағы патриоттық жігерін танытады.

Лағыл Намаз
тілші