TÜRKSOY-дағы мәдени белес: ОЛЖАС СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ «ӨЛШЕМ. ЖЕР. ДҮНИЕ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨРМЕСІ ТҮРКІ ӘЛЕМІНІҢ ОРТАҚ ЖАДЫН АЙҚЫНДАДЫ

ТҰРАН АМАНАТЫ
19

Фото:TÜRKSOY сайтынан

18 қараша 2025 жылы Халықаралық Түрік Мәдениеті Ұйымы – TÜRKSOY Бас хатшылығы қазақтың абыз тұлғасы, ақын, ойшыл, түркітанушы, дипломат, Қазақстанның Еңбек Ері және ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры Олжас Сүлейменовтің мұрасына арналған ірі халықаралық көрмеге есік ашты. «Олжас Сүлейменов. Өлшем. Жер. Дүние» атты бұл көрме әйгілі «Аз и Я» кітабының жарық көргеніне 50 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

TÜRKSOY Бас хатшылығының Гала залында өткен жиын Қазақстан және Түркия Әнұрандарының орындалуымен басталды. Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Бас хатшы Сұлтан Раев бұл шараның жай мереке емес, «терең мәні мен келешекке бағдар беретін» маңызды мәдени оқиға екенін атап өтті. Ол «Өлшем. Жер. Дүние» атауы адамзатқа «Кімбіз? Қайдан келдік? Бұл ғаламға қандай із қалдырамыз?» деген уақыттан озған сауалдарды өнер арқылы қайта ой елегінен өткізуге мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ Раев TÜRKSOY-дың миссиясы – түркі әлемінің өнері мен әдебиетін дәріптеп қана қоймай, оны сенімді түрде болашаққа жеткізу екенін ерекше атап өтті.

Шараның құрметті қонағы, көрмеге арқау болған тұлға Олжас Сүлейменов арнайы жолдаған хатында TÜRKSOY қызметіне жоғары бағасын беріп, ұйымның бастамалары әлем халықтарын жақындастыруға, мәдени ықпалдастықты тереңдетуге зор үлес қосып келе жатқанын жеткізді. Ол TÜRKSOY-дың беделі артқан сайын, әлем қауымдастығының да түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне қызығушылығы еселеніп отырғанын атап өтті.

Салтанатты рәсім барысында Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сапиевтің құттықтау хаты оқылды. Онда ол Олжас Сүлейменовтің қазақ әдебиетінің жаңа белесін қалыптастырған, түркі әлемінің тарихи-мәдени байланыстарын әлемдік деңгейде танытқан айрықша тұлға екенін атап өтті. Сонымен бірге ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру мемлекеттік музейінің өкілдері – Салтанат Ашимова мен проф. Умуткан Мүнәлбаева, сондай-ақ Түркіменстанның TÜRKSOY жанындағы өкілі Лачин Өвезгелдиева өз құттықтауын жолдап, Сүлейменовтің шығармашылық және азаматтық болмысын жоғары бағалады. Әсіресе оның 1989 жылы бастаған «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының әлемдік бейбітшілікке қосқан үлесі ерекше атап өтілді.

Көрме барысында ақынның шығармашылық эволюциясын көрсететін сирек басылымдар, архивтік материалдар, «Арғамақтан» бастап «Аз и Я» еңбегіне дейінгі рухани қазынасы жұртшылық назарына ұсынылды. Сонымен қатар Олжас Сүлейменовтің өмір жолы мен әдеби еңбектеріне арналған арнайы деректі фильм көрсетіліп, «Аз и Я» кітабының 50 жылдығына арналған әдеби мұра туры ұйымдастырылды. Түсаукесер аясында жазушының еңбектері TÜRKSOY және Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі кітапханаларына сыйға тартылды.

Кеш соңында түркі әлемінің мәдениетіне елеулі үлес қосқан тұлғалар марапатталды.

Медаль иеленгендер:

– Қазақстан халықтары Ассамблеясы Аналар кеңесінің төрайымы, ҚР Президенті жанындағы гендерлік саясат және демографиялық даму жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Шанай Нәзіпа;

– ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру орталығы музейі директорының орынбасары, PhD докторы Салтанат Ашимова;

– Профессор, аталған орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің жетекшісі Умуткан Мүнәлбаева.

Алғыс хатпен марапатталғандар: Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, сондай-ақ Камал Әлпейісова, Баян Ахатай, Ботагөз Ахтаева, Хадиша Ерсейітова, Айша Турмағамбетова, Әсиям Саитова, Роза Изятова, Чинара Мәмбетаliyeva, Махбұза Мұсаева, Элмира Мирза-Ғали, Нұрсәуле Әлтекова, Дана Тұрсынова және Хадиша Еркин.

Шара барлық қатысушылардың естелік суретке түсуімен қорытындыланды.

Бұл көрме – қазақ руханиятының алып тұлғасы Олжас Сүлейменовтің әлемдік мәдениеттегі орнын тағы бір мәрте айқындаған, түркі дүниесінің бірлігі мен ортақ тарихи жадының маңызын әйгілеген мәнді оқиға болды.

Лағыл Намаз
тілші