АНКАРАДА АЛҒАШ РЕТ «ТҰҒРЫЛ ҚҰСЫ» ЕСКЕРТКІШІ АШЫЛДЫ: ТҮРКІ–МАЖАР ДОСТЫҒЫНЫҢ ЖАҢА БЕЛГІСІ
Фото:TÜRKSOY сайтынан
18 қараша 2025 жылы Анкара қаласында ерекше мәдени оқиға өтті — қаладағы ең алғашқы «Тұғрыл құсы» ескерткіші Мажарстан Елшілігінің Ататарк бульварына қараған бөлігінде салтанатты түрде ашылды. Ашылу рәсімін Мажарстанның Түркиядағы Елшісі Виктор Матиш елшілік резиденциясының бақшасында ұйымдастырды.
Өз сөзінде Елші Матиш бұл ескерткіштің Мажарстан Сыртқы істер және сыртқы сауда министрлігінің қолдауымен орнатылғанын атап өтті. Ол Тұғрыл құсының мажар халқы үшін бірлік пен тұтастықтың, сондай-ақ түркі тегін дәлелдейтін ортақ арғы бастауның белгісі екенін айтты.
«Біз үшін бұл құс – мифтік қорғаушы және ұлттың рухани бастауын айқындайтын киелі символ. Анадолыда алғаш рет Тұғрыл құсы ескерткішін орнату біз үшін үлкен қуаныш», – деді Елші.
TÜRKSOY Бас хатшысы Сұлтан Раев та шараға қатысып, Тұғрыл құсының түркі мәдениетіндегі орнына тоқталды.
«Құс атауы XI ғасырда Махмұд Қашқари ‘Дивану лұғат-ит-түрк’ еңбегінде ‘тұғрыл – биікке самғайтын, күшті құс’ деп сипатталады. Бұл тек құс туралы анықтама емес, ол – түркі халқының көкке құлаш сермеген рухы, қайраты және еркіндікке ұмтылысы», – деді ол.
Раев Тұғрыл (немесе Турул) бейнесінің түркі кеңістігі мен мажар даласында параллель дамып, екі халықтың да тарихи жадының өзегіне айналғанын жеткізді.
«Бұл – мыңжылдық тарихымызды жалғап тұрған ең қуатты рәміздердің бірі. Түркияда — Тұғрыл Бей мен Ертуғрыл Ғазы есімінде, Мажарстанда — Арпад әулетінің аңызында сақталған қасиетті белгі. Сондықтан бұл ескерткіш ортақ тамырымыздың, мызғымас достығымыздың айқын көрінісі», – деді ол.
Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің Мажарстаннан келген өкілі Атилла Тилки Тұғрыл құсының:
«күш, еркіндік, билік және рухани өрлік» ұғымдарын аңғартатынын айтты. Ол Арпад әулеті дәуірінен бастап бұл бейненің әскери туларда да қолданылғанын, ал бүгінгі күнде Тұғрыл құсы Орталық Азиядағы түркі халықтарының ортақ мұрасы ретінде өз маңызын сақтап отырғанын жеткізді.
АК партиясының Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төраға орынбасары, Қараман депутаты Селман Оғузхан Есер бұл құсты түркі–мажар достығының ортақ символы ретінде бағалап:
«Мажар халқының қайсарлығын, рухын, ерлігін бейнелейтін Тұғрыл құсы – халықтарымыз арасындағы айнымас бірліктің нышаны», – деді.
Салтанатты рәсім соңында Мажар мүсіншісі Иштван Бёйте Хорваттың қолымен жасалған «Тұғрыл құсы» ескерткіші елшілік резиденциясының бұрышында ресми түрде ашылды.Анкарадағы бұл ескерткіш — түркі әлемі мен мажар халқының ортақ тарихи тамырын, мәдени сабақтастығын және ғасырлар бойы үзілмеген достық байланысын айшықтайтын жаңа рухани белес.