ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев Ашхабадтағы ресми іс-шараларға қатысты
Фото:Түркісой
11 желтоқсанда Түрікменстан астанасы Ашхабадта өткен мерекелік іс-шаралар аясында ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының Бас хатшысы, Қырғыз Республикасының Халық жазушысы Сұлтан Раев бірқатар ресми бағдарламаларға қатысты.
Атап айтқанда, Сұлтан Раев жаңадан бой көтерген «Бейтарап» монументінің салтанатты ашылуына, сондай-ақ Түрікменстанның Мәңгілік бейтараптық кезеңіндегі экономикалық және әлеуметтік дамуын айшықтайтын ауқымды көрмені тамашалады.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Түрікменстанның Мәңгілік бейтараптық мәртебесі өңірдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға елеулі үлес қосқанын атап өтті.
– Ашхабадта ашылған «Бейтарап» монументі тек Түрікменстан үшін ғана емес, күллі түркі дүниесі үшін маңызы зор нысан. Ал бейтараптық жылдарында қол жеткізілген экономикалық, әлеуметтік және мәдени жетістіктерді танытатын көрме бауырлас елдің жан-жақты дамуын айқын көрсетеді. ТҮРКСОЙ ретінде ортақ рухани мұрамызды сақтау мен түркі әлемінің мәдени бірлігін нығайту жолындағы ынтымақтастығымызды Түрікменстанмен бірге табандылықпен жалғастыра береміз, – деді Сұлтан Раев.
Сөз соңында ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Түрікменстан халқын Мәңгілік бейтараптықтың 30 жылдық мерейтойымен құттықтап, аталған іс-шаралардың түркі әлемі үшін тарихи әрі рухани маңызға ие екенін атап өтті.