Өзбекстанда «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығының алғашқы иегерлері анықталды.

ТҰРАН АМАНАТЫ
21

Фото: Türksoy сайтынан алынды

Өзбекстанда «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығының алғашқы иегерлері анықталды.

Салтанатты рәсімде Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымы (TÜRKSOY) Бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раев марапатқа ие болды.

Өзбекстанда биыл алғаш рет ұйымдастырылған «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығы өз лауреаттарын тапты. Жаңадан салынған Ташкенттегі Ислам өркениеті орталығында өткен марапаттау рәсімі Президент Шавкат Мирзиёевтің бастамасымен жүзеге асып, әдебиет, мәдениет, өнер, ғылым, білім және цифрлық технологиялар саласында ерекше еңбек етіп жүрген көрнекті тұлғаларды қолдауды мақсат тұтты.

Салтанатты жиынға Өзбекстан басшысымен бірге Орта Азия мемлекеттерінің президенттері — Әзербайжан Президенті Илхам Әлиев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл шара өңір елдерінің мәдени және рухани ынтымақтастығының маңызын айқындады.

Марапат түрлі номинациялар бойынша табысталды. Тәжікстан Халық ақыны Давлат Сафарзода — мәдениет, Қазақ ұлттық драма театрының талантты актері Еркебұлан Дайыров — театр және кино, Әзербайжанның Халық әртісі Әлім Гасымов — музыка, Түрікменстанның Халық суретшісі Бабасары Аннамурадов — бейнелеу өнері, ал Өзбекстан халықаралық егіншілік орталығы бас директорының орынбасары Dr. Дилфуза Эгамбердиева — ғылым, білім және цифрлық технологиялар бағытында жеңімпаз атанды.

Осы беделді марапатқа ие болғандар қатарында TÜRKSOY Бас хатшысы, Қырғызстанның Халық жазушысы Сұлтан Раев та бар. Ол Түркі әлемі әдебиетіне қосқан салмақты үлесі, дәстүрлі және заманауи баяндау мәнерін шебер үйлестірген шығармашылығы және ортақ руханиятты терең бейнелейтін еңбектері үшін жоғары марапатқа лайық деп танылды.

Марапаттан кейін сөз алған Сұлтан Раев Түркі дүниесінің мәдени бірлігін атап өтіп:

«Халықтарымыздың айта алмай жүрген ортақ тарихы мен ортақ әңгімесі көп. Бұл марапат менің еңбегіме ғана берілген баға емес, бүкіл Түркі әлемінің әдеби кеңістігіне, рухани мұрасына көрсетілген құрметтің белгісі. Әсіресе мемлекет басшыларының қатысуымен Ислам өркениеті орталығында марапат алу — ерекше толқыныс сыйлайды», — деді.

Осылайша «Келешек мұрасы» халықаралық сыйлығы аймақтың мәдени әркелкілігін, шығармашылық әлеуетін және рухани байлығын халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды бастама ретінде өз жолын бастады.

Лағыл Намаз
тілші