Түркістанда «Turkistan Book Fair»: Түркі әлемінің әдебиет мерекесі өтті

ТҰРАН АМАНАТЫ
19

Фото:TÜRKSOY

 

Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы және тарихи ордасы – баспа саласының ең беделді шараларының біріне айналды. Халықаралық TÜRKSOY түркі мәдениеті ұйымы, Түркістан облысы әкімдігі және «Foliant» баспасының бірлесуімен ұйымдастырылған “Turkistan Book Fair” Халықаралық кітап көрмесі түркі халықтарының ортақ әдеби мұрасы мен заманауи басылымдарын оқырманға таныстырып, өз жұмысын бастады.

Көрменің ресми ашылуы Түркістандағы Конгресс-холлда өтті. 50-ден астам баспа, жазушы, ақын мен аудармашыны бір арнаға тоғыстырған шараға TÜRKSOY Бас хатшысы, жазушы әрі драматург Сұлтан Раев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Түркия Республикасының Түркістан қаласындағы Бас консулы Левент Гүркан, TÜRKSOY Жазушылар бірлестігінің төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет және басқа да қонақтар, ғалымдар мен әдебиетсүйер қауым қатысты.

Ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде Сұлтан Раев кітаптың тек білім көзі ғана емес, өркениетті қалыптастырудағы маңызды тірек екенін атап өтті:

“Кітап – парақ арасына әлем сыйдырып, адам тәрбиелеп, жанын нәзіктендіріп, оны көркем етеді. Ал кітапханалар мен кітап жәрмеңкелері тек жеке адамды ғана емес, тұтас қоғамды, күллі адамзатты көркейтетін, өркениетімізді жарыққа бөлейтін шамшырақтар. Бүгін Түркістанда жағылған осы мәдени шам – Түркі дүниесінің ортақ жадын да, болашағын да нұрландырады”.

Көрме Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «оқу мәдениетін дамыту және ұлттық кітап күнін бекіту» жөніндегі бастамасы аясында жүзеге асырылып отыр. Үш күн бойы Түркістан әдеби байланыстар алаңына айналып, қолтаңба күндері мен панельдік кездесулер арқылы түркі әдебиетінің таңдаулы туындылары оқырманға ұсынылды. Солардың қатарында Сұлтан Раевтың «Janjaza» романының түрік тіліндегі нұсқасы «Tımarhane», Нәсіпбек Айтұлының «Ләйлі – Мәжнүн» дастаны, Ұларбек Дәлейұлының «Хан Бату» тарихи романы, сондай-ақ саха поэзиясының нәзіктігін жеткізген «Саха (Якут) поэзиясы антологиясы» бар.

Көрме барысында жазушылар Баянғали Әлімжанов, ақын Ұларбек Дәлейұлы сынды қаламгерлермен сұхбаттар өтеді. Сонымен қатар, Шыңғыс Айтматовтың мәңгілік мұрасы – «Қош бол, Гүлсары» шығармасына арналған арнайы подкаст жазбасы мен талқылау сессиясы ұйымдастырылады.

Көрмеге Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Моңғолия және Ресей Федерациясынан (Саха–Якутия, Татарстан, Башқұртстан) баспалар қатысып, түркі халықтары арасындағы әдеби көпірді одан әрі нығайтуға үлес қосты. Бұл шара Түркістанды тек тарихи мекен ретінде емес, сонымен қатар түркі әлемінің мәдени және рухани орталығы ретінде дәріптеудің көрнекті дәлелі болды.

Түркістандағы «Turkistan Book Fair» көрмесі – ел бірлігін, түркі халықтарының рухани байланысын арттырып, әдебиет пен мәдениетке деген қызығушылықты жаңа белеске көтерген маңызды мәдени шара.

Лағыл Намаз
тілші

Жаршы