«Каспий самалы – 2025»

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі
Ақтау қаласында Қазақстан мен Әзербайжан Әскери-теңіз күштерінің «Каспий самалы – 2025» бірлескен оқу-жаттығулары ресми түрде басталды. Салтанатты ашылу рәсіміне қос мемлекеттің әскери қолбасшылығы мен теңізшілері қатысты.
Іс-шара екі елдің мемлекеттік әнұрандарын орындаумен және ту көтеру рәсімімен ашылды. Салтанатты жиында Қазақстан ӘТК бас қолбасшысының бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы, 1-дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков пен Әзербайжан ӘТК штаб бастығы, 1-дәрежелі капитан Теймур Муршудов қатысушыларды құттықтап, оқу-жаттығудың маңыздылығын атап өтті.
Жаттығудың басты мақсаты – Каспий теңізіндегі экономикалық маңызды нысандарды, әскери-теңіз базалары мен кеме қозғалысы аймақтарын қорғау ісін жетілдіру. Сонымен қатар, бұл іс-шара екі ел әскери құрылымдары арасындағы кәсіби байланысты нығайтып, тәжірибе алмасуға жол ашады.
Жаттығу соңында әскери қызметшілер арасында достық сипаттағы спорттық жарыстар – шағын футбол, арқан тарту, армрестлинг пен жүзу бәсекелері ұйымдастырылды.